Елімізде 30 жылдың ішінде жастарды қолдау мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, білім, ғылым салаларындағы «Болашақ» бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» және жастарға тікелей қатысты басқа да жобалар. Бүгінде олардың нәтижелерін көріп отырмыз. 2012 жылдан бері жастардың проблемалық мәселелерін шешу үшін Жастар ресурстық орталықтары құрылуда.
Қазіргі кезде Қазақстанда 209 ресурстық орталық жұмыс істеп тұр, онда 3000 жуық жас қызметкер еңбек етуде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан жастар қызметкерлерінің ІІ республикалық конференциясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет төрағасы Шахмардан Байманов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ресурстық орталықтардың жұмысы жүйелендіріліп, жергілікті деңгейде басқармалар, орталық деңгейде Жастар ресурстық ғылыми орталығы ашылып, методологиялық әдістемелік нұсқаулықтар берілді.
«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы еліміз үшін үлкен меже, үлкен тарихи сәт. 30 жылда барлық салаларда, әлеуметтік-экономикалық салаларда жеткен жетітіктерімізді саралайтын белгілі бір кезең. Енді 30 жылдан кейін Қазақстан қалай дамиды деген мәселе бізді де толғандырады, ойландырады. Мемлекет тарапынан тікелей жастарға қатысты үлкен жобалар іске асырылды. Биылғы жыл өте күрделі болды, біз NEET санатындағы жастарды барлық салалардан, тараптардан зерттей бастадық. Жақында өткен Үкімет отырысында жастар саясаты саласындағы заңнамалық актіге, яғни «Жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақұлданды, енді құжат Мәжіліске жіберіледі. Біз көтерген, талқылаған мәселелер осы заң жобасында көрініс тапты», — деді Ш.Байманов.
Жастар қызметкерлері қауымдастығының өкілі Бейсенәлі Қарабаевтың айтуынша, Жастар ресурстық орталықтарын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары әзірленді. Онда көптеген факторлар ескерілген. Сондай-ақ, кадрларды қайта даярлау мақсатында орталық қызметкерлерін оқыту, біліктілігін арттыру, жастармен сауатты жұмыс істеу үшін қосымша білім беру көзделген.
«Моноқалаларда, кейбір елді мекендерде Жастар ресурстық орталықтарын одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, орталықтарды дамыту үшін үш деңгейден және 40 индикатордан тұратын сапа белгісі жасалды. Олар 7 бағыттағы индикаторлар бойынша жұмыс істейді», — деді қауымдастық өкілі.
Айта кетейік, Қазақстан жастар қызметкерлерінің ІІ республикалық конференциясы Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы аясында өтті. Мақсаты — жастармен жұмыс істеу тәсілдері мен құралдары бойынша ұсынымдар дайындау және әлеуметтік қызметкерлер мен осал жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың құзыреттілігін арттыру. Шара барысында Жастар ісі құралдары мен әдістерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Жылдың жастар қызметкері» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ, ТоТ және конференция қатысушыларына сертификаттар табысталды.
Жазира ЕДІГЕН.
ПІКІР ЖАЗУ