Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өнер адамдарының қамауға алынуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған министр өнер адамдарының елге үлгі, қоғамға бағдар болуы керегін айтты.
«Қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де – мәдениет. Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам пен тазалық емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман — елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт. Өкінішке қарай, соңғы кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауға тиіс», – деді ол.
Аида Балаева мәдениет қайраткерлері заң мен ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек дейді. Оның сөзінше, лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ.
«Өзін нағыз «мәдениет қайраткерімін» дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашанда ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы тиіс. Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек. Бұл мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап етіп отырған бірегей үндеуі. Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ. Ал мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеді. Сөз жоқ, Ұлы Абайдан бері келе жатқан қоғамдағы надандықпен күрестің алдыңғы шебінде мәдениет майталмандары жүруі тиіс. Осы орайда мен баршамызды осыны ұмытпауға шақырамын! Біз құқықтық тәртіп пен өзара құрметке негізделген әрі мәдени құндылықтарымызды қастер тұтатын қоғамды бірге құра аламыз. Және бұл біздің болашағымыздың берік негізі бола алады деп сенемін», – деді министр.
ПІКІР ЖАЗУ