«Мәміле» қазақ тілі клубының негізін қалаушы Қанат Тасыбеков Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалар мен тіл саясатына қатысты өткір пікір білдірді. Media System Trends подкастында сөйлеген ол елде бөлінетін бюджет дұрыс жоспарланғанымен, орындалу жағы сын көтермейтінін айтты, деп хабарлайды
ozgeris.info.
Оның айтуынша, шенеуніктер қаржыны игеруді мақсат еткенмен, нәтиже мен сапаға басымдық бермейді.
– Бізде мемлекетте бір қызық жағдай бар: саясат өте дұрыс, бюджет бөлінеді, бірақ орындалу жағы өте нашар, тіпті жиіркенішті деңгейде. Яғни, бізде «жымқыру» дейтін ұғым бар – бюджет қаржысын оңды-солды шашу, жемқорлық элементтері, формалды, шығармашылықтан жұрдай жұмыс. Жұмыс есеп үшін, көзбояушылық үшін жасалады, – дейді Тасибеков.
Ол мұндай әрекеттердің салдары нақты жобалар мен қоғам үшін маңызды істердің бос есепке айналуына алып келетінін айтты.
– Әлгі айтқан курстар бар сияқты, бірақ ешкім нақты көрмеген. Немесе миллиондаған сөздіктер басылып шықты дейді, бірақ сол сөздіктің бір данасын ешкім көрген емес. Осындай жағдайлар Қазақстанда болуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан, олар есеп береді – бәрі бар, бәрі жасалды деп. Меніңше, дәл осы алшақтықты жою керек, – деді ол.
Маман мемлекеттік бастамалар мен мәдени жобалардың тиімділігін тек қағаз жүзінде емес, шынайы өмірде көрсету қажет екенін баса айтты.
https://www.youtube.com/watch?v=8EP3RBdeQEo