Мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген белсенді, «Человек в маске» қорының өкілі Halyq Uni тілшісіне сұқбат берді. Ол көпшілік жиі қоятын сұрақтарға жауап беріп, қайырымдылық жасаумен айналысуға не түрткі болғанын айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Ер адамның айтуынша, маска мен көзілдірік тағып, мұқтаж жандарға көмектесу идеясы 2020 жылы пайда болған. Сол жылы әкесі инсульт алып, өмірінде үлкен өзгеріс болған.
Халық арасынан шыққан батырлар туралы тарихты жақсы көремін. Қаһармандар туралы фильмдер, мультфильмдерді көріп өстім және бала кезден солар сияқты болғым келді. 2020 жылы әкем инсульт алып, дәрігерлер денсаулығы нашарлай беретінін айтты. Сол сәтте өзімді дәрменсіз сезініп, Алладан көмек сұрай бастадым. Қайырымдылық жасау осылай басталды. Бұл мен үшін бетбұрыс болды. Әкемнің денсаулығы түзелді. Жүру, сөйлеу, жазуды – бәрін басынан бастадық. 5 жыл ішінде өзімді іздедім, түрлі салада жұмыс істедім. Қолымда мүмкіндік болса, немен айналысар едім деген сұрақ қойдым. Бұл сұрақтың жауабы – спорт пен қайырымдылық болды, — дейді ол.
Сол кезде бала арманы есіне түсіп, қайырымдылықпен айналысуды бастаған.
Жалпы көпшілік маска таққан жігіт Димаш Құдайберген болуы да мүмкін деген пікір айтады. Дауысы мен сырт келбетін ұқсатады. Ер адамнан бұл туралы да сұрадық. Маска таққан жігіт «Димашпын, Димаш емеспін» деп ештеңе айта алмаймын», деп қысқа қайырды.
Айтуынша, мұқтаж жандар өздері жазып көмек сұрайды. Тіпті әр өңірде ақпарат беріп отыратын еріктілер де бар. Қазақстандықтар арасында қайырымдылық жасап, қаражат аударатындар көп. Шетелдіктер де үнемі қолдап отырады.
Ол елімізде көмекке мұқтаж азаматтың көп екенін айтады. Халық арасында несие алып, қарызға батқандар жиі көмек сұрайды.
Көмек сұрайтындардың дені қарызға батып жүргендер. Жалпы халқымыздың қаржылық сауаттылығы төмен, біз соған көңіл бөлуіміз керек. Әрине, өмірде әртүрлі жағдай, әртүрлі тағдыр болады. Маска мен көзілдірікті өмірімнің соңына дейін шешпеймін. Кім екенімді ешқашан айтпаймын, — дейді ол.
ПІКІР ЖАЗУ