Ресей мен Қазақстан жаһандық нарықта жаңа ереже орнатуда. Бүгінгі таңда жоғары технологиялық өндіріс пен энергия саласын қайта құру үшін аса қажет саналатын литий, никель, мыс, кобальт және сирек жер металдары секілді маңызды минералдарға деген жаһандық сұраныс үнемі өсіп келеді. Яғни, сұраныс ұсыныстан әлдеқайда жоғары. Бұған “жасыл” технологиялардың дамуы, экономиканың цифрлануы және дамушы елдердің жедел индустриялануы әсер етуде. Нәтижесінде жаһандық нарықта аталмыш ресурстарға деген бәсекелестік күшейіп отыр. Бұл ретте Қазақстан мен Ресей минералдар үшін күресті бастап кетті. Халықаралық зерттеулерге сүйеніп Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
2022 жылғы деректер бойынша, сирек жер металдарын өңдеу ісінде Қытайдың үлесі 60 пайыздан асқан, ал электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісінде шамамен 75 пайызға жеткен. Осындай жағдайда Ресей мен Қазақстан, стратегиялық маңызды минералдарға бай елдер ретінде, осы салада әріптестікті тереңдету арқылы жаһандық нарықтағы өз орнын күшейтуге мүмкіндік алып отыр. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев 2025 жылғы 18-21 маусым аралығында өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПМЭФ) «Ресей -Қазақстан бизнес-диалогы» сессиясында атап өтті.
Сұраныс неге өсіп жатыр?
Мамандардың айтуынша, маңызды минералдарға деген сұраныстың артуына бірнеше себеп бар.
Біріншіден, көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталған “жасыл” экономиканың дамуы аккумуляторлар, жел қондырғылары мен күн панельдерін өндіруге қажетті минералдардың көлемін айтарлықтай арттыруда. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2050 жылға қарай литийге деген сұраныс 488 пайызға, кобальтқа 460 пайызға, ал электромобильдер мен жел турбиналары үшін қажет сирек жер элементтеріне сұраныс 10 есеге дейін өседі.
Екіншіден, дамушы елдердегі халық саны мен урбанизацияның өсуі инфрақұрылым мен өнеркәсіпте қолданылатын металдарға сұранысты арттырып отыр.
Үшіншіден, 5G және жасанды интеллект секілді жаңа цифрлық технологиялардың дамуы индий мен галлий сияқты сирек металдарға деген қажеттілікті өсірді. Еуропалық шикізат альянсының мәліметінше, 2025 жылға қарай Еуропаның литийге деген қажеттілігінің 80 пайызы өз аумағында өндірілетін шикізат есебінен жабылуы тиіс.
Ұсыныс неге шектеулі?
Маңызды минералдардың ұсынысы шектеулі. Біріншіден, сирек жер металдары мен басқа да стратегиялық ресурстардың негізгі кен орындары әлемде теңдей таралмаған. Мысалы, АҚШ-тың сирек жер металдарын импорттауының 78 пайызы Қытайға тиесілі. Қытай бүгінде әлемдік қорлардың 40 пайыздан астамын бақылап отыр. Екіншіден, бұл минералдарды өндіру мен өңдеу өте күрделі әрі қымбат, себебі кендегі пайдалы қазбалардың үлесі өте төмен. Мысалы, 1 тонна сирек жер металын алу үшін 1000 тонна кенді өңдеу қажет, бұл экологиялық және экономикалық шығынды айтарлықтай арттырады. Үшіншіден, геосаяси тәуекелдер мен сауда шектеулері де әсер етеді. 2023 жылы Қытай галлий мен германий экспортына шектеу қойып, бірнеше ай ішінде бұл металдардың бағасы 15-20 пайызға қымбаттады.
Қазақстанның әлеуеті
Қазақстан маңызды минералдарды өндіруде үлкен әлеуетке ие. Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Геология комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың басында елде 8711 кен орны тіркелген, оның ішінде 910-ы қатты пайдалы қазбаларға тиесілі. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 38 болашағы бар жаңа учаске анықталды: олардың ішінде 2,6 миллион тонна сирек жер металдары, 3,7 миллион тонна мыс пен никель, 1,1 миллиард тонна қоңыр көмір және 19 тонна алтын бар.
2025 жылы геологиялық барлауға 160 миллиард теңге инвестиция салу жоспарланған. Бұл 2018-2024 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіштен 37 пайызға жоғары. Қазақстан мыс қоры бойынша әлемде 12-орында, алтын бойынша 15-орында, қорғасын мен мырыш бойынша 5-орында, ал вольфрам бойынша бірінші орында. Алайда, кеңес дәуірінде ашылған оңай өндіруге болатын кен орындарының қоры таусылып келеді. Сондықтан жаңа технологияларды енгізу мен геологиялық барлауды жандандыру өзекті болып отыр.
Ресейдің ресурстық базасы
Ресей де минералды ресурстар бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі. Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сүйенсек, елдегі сирек жер металдарының жалпы қоры 28,5 миллион тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей Қытайдан кейін екінші орында. Ресей никель (негізінен Норильск пен Кольск түбегінде), мыс және көмір қоры бойынша да әлемдік көшбасшылар қатарында.
2025 жылы Ресей жаңа кен орындарын іздеу жұмыстарын Қиыр Шығыс, Сібір және Арктика өңірлерінде кеңейтуді жоспарлап отыр. ПМЭФ-2025 барысында Ресей Табиғи ресурстар министрінің орынбасары Дмитрий Тетенькин Ресей сирек жер металдарын өндіруді бірнеше есе арттыра алатынын мәлімдеді. Бұл Ресейдің осы саладағы жаһандық амбициясын айқындайды.
Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы
Қазақстан мен Ресейдің минералдық ресурстар саласындағы әріптестігі бұрыннан бар. Бұл екі елдің географиялық жақындығы және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тығыз экономикалық байланысқа негізделген. 2023 жылы Астанада өткен форумда Қазақстан мен Еуропалық Одақ сирек жер металдарын дамыту мәселесін талқылады. Бұл Қазақстанның әріптестерін әртараптандыруға ұмтылатынын көрсетеді. Дегенмен Ресей Қазақстан үшін негізгі серіктес болып қала береді. Мысалы, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы ресейлік кәсіпорындармен бірге вольфрамның «Солтүстік Катпар» және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарын игеріп жатыр. Елші Дәурен Абаевтың осы саладағы бірлескен жобалар туралы мәлімдемесі екі елдің шикізатты өндіруден бастап, өңдеу және экспортқа дейін толық өндірістік тізбек құра алатынын көрсетеді.
Экономикалық тиімділік және тәуекелдер
Бірлескен жобалардың экономикалық пайдасы айтарлықтай болмақ. Росконгресс деректері бойынша, Ресей 2030 жылға дейін маңызды минералдар өндірісін кеңейту арқылы 1 триллион рубльден астам табыс түсіреді. Қазақстанда 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын ірі тау-кен жобалары елдің жоғары технологиялық өнім экспортын 15-20 пайызға арттыруы мүмкін. Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алиханов 2025 жылы Ресейдің стратегиялық шикізат импортының үлесін 2030 жылға дейін 45 пайызға дейін азайтып, ішкі өндірісті 50 мың тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырғанын айтты.
Алайда бұл мүмкіндіктермен бірге бірқатар қиындықтар да бар. Біріншіден, геологиялық барлау мен өндіріс үлкен қаржы талап етеді. Қазақстанда инвестициялар өсіп келе жатқанына қарамастан, қазіргі заманғы технологиялардың тапшылығы жұмыстың тиімділігін шектеп отыр. Екіншіден, экологиялық қауіптер де маңызды мәселе. Қазақстанда өнеркәсіптік ластану мен топырақтың тозуы аймақтық проблемаға айналған. Үшіншіден, екі елде де логистика мен өңдеу инфрақұрылымы әлі де әлсіз, бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
Қандай қадамдар қажет?
Халықаралық зерттеулер дерегенше, қиындықтарды шешу үшін Қазақстан мен Ресей бірлескен кәсіпорындар құруы қажет. Геологиялық барлауды қаржыландыру және терең өңдеу технологияларын енгізу маңызды. ЕАЭО аясында логистикалық тізбектерді оңтайландырып, шығындарды азайтуға болады. Сондай-ақ Қазақстан Еуропалық Одақ және АҚШ секілді халықаралық серіктестерді тартып, жаңа технологияларға қол жеткізуді жалғастыруы тиіс. Мысалы, 2023 жылы Қазақстан делегациясы Брюссельдегі Global Gateway форумында жасыл энергетика және маңызды минералдар жобаларын талқылаған болатын.