Ақтау қаласының тұрғындары 21 шілде күні таңертең қоғамдық көліктің күрт тоқтап қалғанын байқады. Қала көшелерінде әдетте жүйелі жүретін маршруттық автобустар бұл күні мүлде көрінбеген. Бұл жағдай тұрғындардың таңданысын туғызып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, автобустардың болмауы салдарынан адамдар аялдамаларда ұзақ күтуге мәжбүр болған. 12-шағын аудан тұрғыны Ақмаралдың айтуынша, жұбайымен бірге аялдамада 15 минут тұрған, алайда қоғамдық көлік мүлде келмеген.
«Күтіп тұрғанымызда бір кісі 2ГИС қосымшасына қарап, бүгін автобустар мүлде шықпағанын айтты. Басқа амал болмаған соң, жаяу баруға тура келді. Ал такси жүргізушілері үшін нағыз табыс күні болды», – дейді ол.
Қала тұрғындары 109 байланыс орталығына жаппай хабарласып, жағдайдың мән-жайын сұрастыруда. Дегенмен, әзірге нақты жауап берілген жоқ.
Ақтау қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тексеріс жүріп жатқанын және жағдайға қатысты толық ақпарат кейінірек берілетінін мәлімдеді. Қоғамдық көліктің неліктен тоқтап қалғаны әзірге белгісіз.