Қазақстан экономикасының тарихы – бұл бір кездері бос дүкен сөрелерінен бастап, мұнайдан түскен мол табысқа дейінгі, содан кейін дағдарыстар мен қайтадан даму жолына оралған хикая. Мұны сарапшылар бес негізгі кезеңге бөледі: күйреу, алғашқы қадамдар, өрлеу, дағдарыс және мемлекеттік капитализм. Бірақ бұл тек ресми атаулар ғана. Шын мәнінде, әр кезеңнің өз шынайы бет-бейнесі бар. Соған көз жүгіртейік, деп сараптайды Ozgeris.info.
Күйреу дәуірі: Ала дорба мен үмітсіздік (1990–1995)
1990 жылдардың басы – Қазақстан үшін ең қараңғы жылдар. Кеңес Одағы ыдырап, зауыттар тоқтады, дүкен сөрелері босап қалды. Адамдар ала дорба арқалап, күнкөріс іздеп кетті. Гиперинфляция халықтың қалтасын тесіп, ақша құнсызданды. Рубль аймағы құлап, Қазақстан ұлттық валютасыз қалды. «Жүн сабап отырып-ақ социализмнен нарықтық экономикаға өтіп кеттік», дейді жазушы Дулат Исабеков. Бұл – шынайы сурет. Инфляция мыңдаған пайызға жетіп, халық таңертең алған жалақысын кешке жаратып үлгеретін. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, 1991-1992 жылдары 5 000-ға жуық нысан жекешелендіріліп, ұжымдық меншікке берілген 470-тен астам кеңшар болды. Бірақ бұл тек экономикалық құтқару емес, аман қалу әрекеті болды.– 1991 жылдан 1993 жылға дейін рубль зонасының күйреуі, біздің валютасыз қалуымыз кесірін тигізді. Гиперинфляция, зауыт-өндірістің барлығының тоқтауы тоқырауға әкелді. Осындай қиын заманнан өттік. Мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын іздеп, сарсаңға түсті. Оның ең әуелгісі – бағаны ырықтандыруды бір жүйеге келтіру еді. Тарихи деректерге сүйенсек, елімізде ырықтандыру 1992 жылы мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Сәйкесінше, әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Содан баға шарықтап өсіп, ел экономикасы зардап шекті. Ойсырай опық жегеннен кейін жекешелендіруге көштік, – дейді сарапшы.
Алғашқы қадамдар: Теңгенің сыбдыры (1993–2000)
1993 жылы Қазақстан ұлттық валютасы – теңгені айналымға енгізді. Бірақ бұл тұрақтылық әкелмеді. Инфляция әлі де жоғары, экономика тұрақсыз. Дегенмен бұл кезеңде алғашқы тұрақтылықтың белгілері пайда бола бастады. Ұлттық банк ақша-несие саясатын реттеп, қаржы нарығының алғашқы ойыншылары қалыптасты. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарта бастады. Елге 12,5 миллиард доллар құйылып, жаңа өндірістер ашылды. Жекешелендірудің екінші толқыны басталып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашылды. Ел алғаш рет нарықтық экономика заңдарына бейімделе бастады.– Дүрбелеңнен кейін алғашқы қадамдар кезеңі болды. Ол 1993 жылдан 2000 жылға дейін жалғасты. Төл теңгемізді енгіздік. Банктер туралы заң қабылдап, қаржы нарығында белгілі бір биржалар пайда болып, ойын ережесі қалыптаса бастады. Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі еді. Сол кезде шағын және орта бизнесті дамытуға жіті мән берілді. Көтерме-сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгертуге ден қойылды. 1994 жылдың күзінен бастап макроэкономикалық реттеу басталды. Бағаның өсуі біраз тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді. Ақша-қаражат саласына да біршама береке кірді, – дейді экономист.
Өрлеу дәуірі: Мұнайдың бал жылдары (2000–2007)
2000 жылдар – мұнайдың алтын кезеңі. Мұнай бағасы аспандап, Қазақстанның қазынасы толды. Мемлекеттік бюджетке түсімдер еселеніп, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларға шығындар 5 есе өсті. Шетелдік инвестициялар легі көбейіп, елдің халықаралық беделі артты. Зейнетақы реформасы іске асып, қарыздар жабылды. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 3 000 теңгеден 5 800 теңгеге дейін көтерілді. Мұнайдан түскен табыс экономикаға серпін берді. Бірақ бұл тек сыртқы жылтырау ғана еді. Мұнайдан түскен табыс экономиканы шикізатқа тәуелді етті. – 2000-2007 жылдар аралығында біз өрлеу кезеңінде болдық. Ол кезде мұнай бағасы барреліне жүз доллардан асып тұрды. Бізге арзан шетелдік несиелер келді. Еліміздің суверенді рейтингтері жоғары болды. Банктер шетелден 1-2 пайызбен долларлық несие алып, халыққа таратты. Кредит нарығы аясының кеңеюі тұрғын үй нарығының бағасын да өсірді. Осы тұста ретке келген бір мәселе –зейнетақы төлеу еді. Үкімет зейнетақы мәселесін шешуде үш бағытта жұмыс істеді. Бірінші – зейнетақының бұрынғы қарыздарын жабу, екіншісі – зейнетақыны уақытында төлеу, үшіншісі – зейнетақы жүйесін реформалау. Төленбеген зейнетақы төленіп, одан әрі арттыру шаралары жүргізілді. Атап айтқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 1998 жылы 3 мың теңге болса, 2000 жылы 4 мың теңгеге жетті. 2000-2002 жылдары зейнетақы төлемдерінің ең аз мөлшері үш мәрте артып, 23 пайызға өсті. 2004 жылдың қаңтарынан төменгі зейнетақы мөлшері 5 800 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері 8 335 теңгені құрады, – дейді А. Олжаев.Дағдарыс дәуірі: Жылтыраған доллардың көлеңкесі (2007–2014)
2007 жылы әлемдік қаржы нарығының дағдарысы Қазақстанды да шарпыды. Банктер шетелден арзан несие алып, оны халыққа жоғары пайызбен таратты. Ақша ағыны тоқтағанда, экономика құлдырай бастады. Девальвация, инфляция, жұмыссыздық – бұл кезеңнің негізгі белгілері. Банктер банкротқа ұшырап, халықтың жинақтары күйіп кетті. Экономист Айбар Олжаев бұл кезеңді «дағдарыс дәуірі» деп атайды. «Шетелдік арзан несиелердің тоқтауы банктердің әлсіздігін ашып көрсетті», – дейді ол. Ел сыртқы қарыздарға тәуелді болып қалды, экономикалық белсенділік бәсеңдеді.Мемлекеттік капитализм: Құтқару мен бақылау (2014 – қазіргі уақыт)
Дағдарыстан кейін Қазақстан экономиканы бақылауға алды. Ірі банктер мемлекет қолдауына сүйенді, ал негізгі салалар – энергетика, көлік, қаржы – мемлекеттің бақылауына өтті. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы экономиканы тұрақтандыруға тырысты. Бұл кезеңде мемлекет экономиканың басты ойыншысына айналды. Ұлттық банк ақша-несие саясатын реттеді, ірі жобаларға мемлекеттік инвестициялар құйылды. Бірақ бұл экономикаға толық еркіндік берген жоқ. Экономикалық белсенділік мемлекеттің бақылауында қалды.Алтыншы дәуір: Бизнес уақыты келді
Сарапшылар Қазақстан алтыншы кезеңге аяқ басқалы тұр деп есептейді. Бұл кезең – бизнестің еркіндігі. Мемлекет бизнестің дамуына кедергі келтірмей, оның өркендеуіне мүмкіндік беруді көздейді. Шағын және орта бизнес ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айналады. Мемлекет кәсіпкерлікке жағдай жасап, әкімшілік кедергілерді азайтып жатыр. Жеңілдетілген несиелер, субсидиялар және бизнеске қолдау бағдарламалары іске асуда. Бизнес енді мемлекеттің қамқорлығынан еркіндікке шығады.