💰 Экономика

Бөліп-төлеудің қулығы қандай?

Қазір кез келген дүниені  бөліп төлеп алуға болады. «Бөліп алсаңыз да, баға өзгермейді, үстеме ақы жоқ»  деп сендіретіндер де көп. Бірақ шын мәнінде солай ма? Сарапшылар мұның астарында тұтынушыға көрінбейтін, бірақ банк пен сатушыға тиімді жасырын тетіктер жатыр, деп сараптайды Ozgeris.info.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бұл мәселе бойынша ашық мәлімдеме жасады:

«Бөліп-төлеудің тетіктері халыққа ғана емес, Ұлттық банкке де түсініксіз. Дүкендердің тауар құнын пайызсыз бөліп-төлеуінің астарында не жатқанын анықтау – Ұлттық банктің емес, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің міндеті. Олар кәсіпкерлерден баға белгілеудің ашықтығын талап етуі тиіс».

Бұл сөздің өзі нарықтағы «пайызсыз» деген ұсыныстың тұтынушы үшін емес, сатушы мен банктің пайдасы үшін жасалатынын меңзейді. Көп жағдайда бөліп-төлеу шартының барлық талаптары тұтынушыға толық айтылмайды. Мәселен, несиелік айыппұлдар немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік берілмеуі тұтынушыға тиімсіз жағдайлар.

Сарапшы Ерлан Ибрагим бұл тетіктердің банк туралы жаңа заңда нақты көрсетілуі керек дейді.

«Бөліп төлеу кезінде компания несиенің нақты құнын ашуға міндетті емес. Ал тұтынушы барлығын бір батырманы басып мақұлдай салады. Бұл жағдайда жылдық мөлшерлеме 70%-ға дейін жетуі мүмкін».

Оның айтуынша, бөлшек саудадағы баға кейде онлайн бағамен салыстырғанда арзан болып көрінеді. Бірақ бұл – нарықтың иллюзиясы.

«Қазақстан нарығы дамыған елдерден айырмашылығы – ресурстың өзіне дейін импортқа тәуелді. Мысалы, Еуроодақ елдерінде ірі сауда желілері мен тауар өндірушілер арасында келісім бар. Бұл тауардың бағасын нарықтағыдан 20%-ға дейін арзандатуға мүмкіндік береді. Ал бізде болса, бөліп-төлеу кезінде банк маржасы бағаның ішінде жасырынып жатады»,  дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, көлік немесе пәтерді бөліп төлеу арқылы сату шарттары мен бағасы тұтынушыға ашық емес. Мұндай үдерістерді Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі (ҚНРДА) толық бақылауы керек.

Сонда үстеме қайдан шығады? Мәселен, құны 320 мың теңге тұратын алтын бұйымды бөліп төлеуге келіссеңіз, оны 380 мың теңгеге аласыз. Яғни, 60 мың теңге  қосымша үстеме ақы. Бұл сома тікелей банктің пайдасы болып есептеледі. Сатушылардың айтуынша, 320 мың теңге өздерінің жеке шоттарына, ал 60 мың теңге  бөліп төлеуді рәсімдеген банкке түседі. Яғни, банк бір ғана алтын бұйымнан 60 мың теңге пайда көріп отыр. Осы үлгімен жұмыс істейтін дүкендердің қаншасы барын тек болжауға болады.

Бөліп төлеу – тауар бағасының ішіне банктің пайыздық пайдасын жасырып қойған үлгі. Көп дүкендер бөліп алмай, бірден төлем жасағандарға түрлі «бонус» ұсынады. Бірақ сол сыйлықтардың кімнің есебінен төленіп жатқаны түсініксіз.

Мысалы, құны 500 мың теңге болатын теледидар 750 мың теңге деп көрсетіліп, бөліп төлеуге ұсынылады. Айырмашылық – 250 мың теңге. Бұл банк пен кәсіпкердің қосылған пайдасы.

Ұлттық банк те бұл тетікке өз ұстанымын білдіріп отыр. Төраға орынбасарының сөзінше, іс жүзінде сатылып жатқан тауардың шынайы бағасы одан да төмен болуы мүмкін – мысалы, 320 мың теңгеге сатылған алтын бұйымның шын нарықтық бағасы 270–290 мың теңге болуы ғажап емес.

Барлық жаңалық