«Көңіліме тиді»: Адиев өзін айыптаған Черчесовке реніші барын айтты

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанды Еуро-2024-ке шығарудың алдында қалған экс-бапкер Магомед Адиев ұлттық құраманың қазіргі бапкері Станислав Черчесовтің сөзі көңіліне тигенін мәлім етті, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Azattyq Rýhy cайтына сілтеме жасап.

Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясында Норвегиядан 0:5 есебімен ұтылғаннан кейін бас бапкер Станислав Черчесов команданың өзіне дейін қараусыз қалғанын айтып айды аспаннан бір-ақ шығарған еді.

«Бұл ақталу емес, бірақ бізде ешқандай артықшылық болған жоқ. Астанадағы артықшылығымыз болған синтетикалық алаңда ойнаған жоқпыз. Мен келгенге дейін бұл туралы ешкім ойламаған. Маған дейін команда қараусыз қалған болатын. Артық күніміз көп болсын деп тиісті құжаттарды тапсырдым. Көптеген ойыншы тәжірибе жинақтап жатыр», — деп Черчесов матчтан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген болатын.

Айта кетейік, Черчесов ұлттық құрама тізгінін алғалы бері Қазақстан қарсыластарына бірде бір гол соға алмай келеді. Ал өз қақпасына 15 доп жіберіп алды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан УЕФА Ұлттар лигасында антирекорд орнатты.

Ал отандасының дәл осы сөзіне Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев РИА агенттігіне берген пікірінде ренішін білдірді.

«Ұлттық құрама бірде бір гол соққан жоқ. Станислав Черчесов келердегі үміт мүлдем басқаша еді. Команданың нәтижесі менікінен де жоғары болады деп ойладық. Өкінішке қарай, жұрт күткендей болмады. Қарсылас командалардың деңгейі жоғары екені түсінікті. Бірақ қарсылас мықты болған кезде тактикалық жоспарды дұрыс қою маңызды. Менің тұсымда да Қазақстанның қарсыластары оңай болған жоқ.

Станислав Саламовичке деген құрметім жоғары. Бірақ команданың қараусыз қалғаны туралы айтқан сөзі көңіліме тиді. Демек, оған дейін болған мен және федерация жұмысы істемегені ме? Әрине, бұл оның тұжырымы. Бірақ федерация президенті Бәрмеқұловпен екі жылғы жұмысымыз нәтижелі әрі өте көңілді өтті. Қазақстан құрамасына ылғи да жанкүйерлік етемін. Черчесовтің де командамен жақсы нәтижеге жеткенін қалар едім. Адиевтен де жақсы нәтиже көрсетсе, қуанар едім», — деді Магомед Адиев.