Қоғам

«Кедейлік шегіне жетті»: Халықтың шынайы жалақысы мен өмір сүру құны

Қазақстандықтардың қалтасы жұқара бастады. Алатын жалақылары аз, ал күнделікті қажетті заттарға жұмсалатын шығындар артты. Ресми статистика шындықты ашық көрсетпейді дейді сарапшылар. Ал қарапайым халық қалай күнін көріп жатыр? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстандағы орташа атаулы жалақы 423 133 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың 4-тоқсанымен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Ол кезде жалақы 434 982 теңге болған. Айырмашылық – шамамен 12 мың теңге.

Медианалық жалақы 300 307 теңгені құрады, бұл да былтырғы көрсеткіштен 8 мың теңгеге төмен. Бірақ “атаулы” және “медианалық” жалақы дегеніміз не және қайсысы шындыққа жақын?

«Орташа жалақы – бұл барлық қызметкерлердің жалақысын қосып, олардың санына бөлгендегі арифметикалық орташа мән. Бұл көрсеткіш динамиканы ғана көрсетеді, алайда шынайы жағдайды сипаттай алмайды. Мысалы, өте жоғары жалақы алатын бірнеше адам бүкіл статистиканы бұрмалап жібереді. Ал медианалық жалақы – бұл барлық табысты тізіп қойып, ортасындағы мәнді алу. Бұл көрсеткіш шынайылыққа анағұрлым жақын», - дейді  қаржылық сарапшы Арман Бейсембаев.

Қай өңірлерде жалақы жоғары?

Статистика бюросының мәліметінше, ең жоғары жалақы Атырау облысында – 634 234 теңге, одан кейін Маңғыстау облысы – 621 320 теңге, Ұлытау облысы – 599 046 теңге. Елорда төртінші орында, мұнда орташа жалақы – 563 309 теңге, Алматыда – 518 857 теңге. Қалған өңірлерде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Бұл сандар халықтың шынайы табысын көрсетсе, жағдай  жақсы болар еді. Бірақ шындық басқа. Қазақстандықтардың айтуынша, шынайы орташа жалақы – 200-300 мың теңге шамасында.

Бұл ретте инфляция туралы айта кеткен жөн.  2025 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша, инфляция 10%-ға жетті. Бұл ресми дерек, іс жүзінде барлық тауар түрі мен қызмет қымбаттады. Әсіресе, халыққа ең ауыр тигені коммуналдық қызмет тарифтерінің  өсуі. Бағалар 10%-дан 90%-ға бірақ жетті.

«Қазір қарапайым қазақстандық табысының 52%-ын азық-түлікке жұмсайды. Бұл жағдай ушығып барады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 48-49% еді, пандемия кезінде 50%-ға жетті, ал бүгінде одан да жоғары. Бұл африкалық елдердің деңгейі», - дейді маман.

EnergyProm мәліметінше, қазақстандықтар ай сайын орта есеппен 150 мың теңгеден астам қаражатты азық-түлікке жұмсайды. Алайда тұрғындардың өздері бұл 200-300 мың теңгеге дейін жететінін айтады. Көпбалалы отбасылар үшін бұл сома 300 мың теңгеден де асып түседі. Әсіресе, ет өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек айтарлықтай қымбаттаған.

«Еуропа елдерінде халық табысының 10-15%-ын ғана азық-түлікке жұмсайды, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 7-9%. Ал бізде – 52%. Жақында Ұлттық банк азаматтардың табысының тағы 20%-ы несие төлеуге кететінін мәлімдеді. Яғни орташа қазақстандық жалақы алып, соның 72%-ын азық пен несиелерге жұмсап, қалғанына күн көруде. Ал коммуналдық төлемдер ше? Олар үшін тіпті ақша қалмайды», - дейді сарапшы.

Шындық осындай. Біреулер Forbes тізіміне енсе, басқалар тіршілік үшін күресуге мәжбүр. Бұл алшақтық жыл сайын ұлғайып келеді.

«Теңсіздік әрқашан болады, ол таңқалатын нәрсе емес. Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер табысының шамамен 40%-ын өздеріне қалдырады, ал жұмысшыларға бар болғаны 15%-ы ғана бөледі», - деп түйіндеді маман.

Барлық жаңалық