«Қан атқылап жатыр»: Бетіне қақпа құлаған 12 жастағы қыздың қамқоршысы оқиғаның қалай болғанын айтты

Фото: Азамат Сәрсенбаевтың Instagram желісінен скрин

Ақтауда 2-шағын ауданда ойын алаңының бірінде футбол қақпасы 12 жасар қыздың үстіне құлап, бетінің жарты бөлігін тіліп кетті. Қыздың анасының айтуынша, дәрігерлер тез әрекет еткенінің арқасында ол аман қалған. Оқиға жұмысына салғырт қараған мердігердің кесірінен болып отыр. Ал мердігер болса қызды асырап алған қамқоршысының сөзін жоққа шығарды. Айтуынша, сол күні ойын алаңында балалар емес, жұмысшылар жүрген. Тіпті “қызға біреулер тиісті ме” деген күдігі бар екенін де жасырмады, — деп жазады Ozgeris.info тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтаулық қыз туралы ақпаратты алғаш блогер Азамат Сәрсенбаев өзінің желідегі парақшасында жариялады.

“24 қазанда сағат 18:00-де балалар қақпаны көтеріп қойып, футбол ойнай бастаған. Бес минут өтпестен қақпаның бірі тікелей 12 жасар қыздың басына құлады. Тіпті қыздың бетінің жартысын тіліп кеткен. Бақытымызға орай, дәрігерлер қызды аман алып қалды”, – деді ол.

Қыздың қамқоршысы Тамараның сөзінше, ол сол күні алаңнан шыңғырған қыздың даусын естіп, сыртқа жүгіріп шыққан.

“Футбол алаңының темірлерін, қақпаларын босатып кеткен. Ол жерде балалар да, футболмен айналысатындар да, студенттер де ойнайды. Қызым да шығып кеткен. Кейін жылаған жоқ, бірақ шыңғырған дауысын естідім. Жүгіріп барсам, қыздан қан атқылап жатыр. Қақпа қызымның басына құлаған. Бірден жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлерге рақмет, олар тез жетті. Бірден қан тоқтату амалын ойлап ауруханаға апарды. Жолда хирургтарға хабарлап, бәрін дайындауды сұрады. Жеткесін ота жасап дәрігерлердің арқасында қызым аман қалды”, – деді Тамара.

Тамара жұбайының қайтыс болғанын, балаларға өзі қамқор болып жүргенін алға тартты. Айтуынша, үш баланы балалар үйінен сәби кезінен асырап алған. Олардың қатарында жарақат алған 12 жасар қыз да бар.

“Содан бері үш күн өтті. Полиция арызымды қабылдаса да, ешкім хабарласқан жоқ. Амалым қалмағасын блогер Азамат Сәрсенбаевқа хабарластым. Содан кейін ғана міне, бүгін бесінші күн барлық органдар: Балалардың құқығын қорғау органы, директорлар бәрі келіп кетті. Сонда мен желіге шығартпасам, ешкім тіптен назар аудармас еді. Көріп жүрміз, мұндай жағдайлардан талай бала жазым болып жатыр. Мен бұлай шығармасам, қызымның орнында тағы бір бала болуы әбден мүмкін ғой”, – деп қосты ол.

Тамараның айтуынша, оқиға болған кезде қақпалар мен қоршаулар шашылып жатқан. Ешқандай жұмысшы болмаған және тек 25 қазанда ғана алаңдағы қақпаларды жинап әкеткен.

“Бәлкім қызға біреулер тиісті ме? Шындықтың бетін ашу керек”

Бұдан соң тілшіміз осы алаңдағы жұмыстарды істеген мердігер Елдар Кайроллаевичпен сөйлесті. Ол бәріне өздерін кінәлағандардың сөздерін жоққа шығарды.

“Қазір болған жайтқа бізді кінәлап, “екі апта бұрын қақпаны босатып қалдырып кеткен” деген ақпарат тарап жатыр. Алайда біз бұл қақпаны 24 қазан күні бұзып, сол күні жинадық. Сағат 12:50-де өзіміздің жұмыс чатымызда “алаңды бұзу керек” деген хабарлама алдық. 14:30-да біздің жұмысшыларымыз барып, демонтаж жасап, кесе бастады. Сағат 19:10-да чатқа барлығын жатқызып, алаңды бітірген видеосын жіберді. Сосын ертеңіне таңертең барлық қоршауды жинап алып, екі қақпаны тастап кеткен. Себебі тұрғындар бұл қақпаларды бұрын өз ақшаларына жасатқандықтан қалдыруды сұраған”, – деді мердігер.

Елдар Кайроллаевичтің айтуынша, оқиға болған уақыт тіптен сәкес келмейді. Себебі сол кезде алаңда жұмысшылар жүрген.

“Қыздың басына қақпа 18:00-дерде құлады деп көрсетіпті. Шынында ол жерде сағат 14:50-ден жетіге дейін жүрген біздің жұмысшыларымыз, куәгерлер бар. Екінші күні жиналған заттарды қоршауларды алып кеткен. Ешқандай қанның ізі жоқ. Қақпаны қалай құлатқан, солай тұрды дейді. Бізде видеоларымыз дәлелдеріміз бар. Жұмысшылар кейін құралдарын жинап сол жерде жарты сағат жүрген. 19:40-та сол жерден кеткен. Бұл кезде ол жерде ешкім ойнамаған және жерде жатқан қақпа қалай құлайды?”, – деп қосты ол.

Мердігер бүгінде қыздың емделуіне шығынды өтеймін деп отыр. Дегенмен өзін кінәлімін деп есептемейтінін де жеткізді.

“Блогерлердің бәрі бізді кінәлап салып жатыр екен. Бірақ ешкімде дәлел жоқ. Сол ауладағы адамдардан да сұрастырдық. Бәлкім көргендер бар шығар деп сұрасақ, олар да мұндай оқиғаның болмағанын, естімегенін айтады.

Кім білген бәлкім біреулер тиісті ме? Немесе ойнап жүріп жазатайым құлап қалды ма? Қыз сүрініп құлауы мүмкін, болмаса біреу бір затпен ұрып қалуы да мүмкін. Тіпті қақпа құлады дегеннің өзінде қақпаның қыры тік, ал қыздың жарақаты бетінен көлденең жанама түскен. Бірдеңеге жырылған немесе қырына соғылған. Бұл жерде көп сұрақ болып отыр?

Өзім кінәлі болғандықтан емес, өзімнің де балаларым болғасын қызға көмектесемін. Егер менің салған алаңымдағы қақпа құлап, соның салдарынан шынымен осындай оқиға орын алса, онда мен өзімді кінәлімін деп толық айтар едім. Бірақ бұл жағдайда емес”, – деп қосты ол.

Елдар қыздың қомқоршысы жазған арызбен танысқанын жеткізді. Онда оқиға кезінде жедел-жәрдем шақырмағаны көрсетілген екен.

“Түсінгенімше қыздың ата-анасы жоқ, қамқоршысымен тұрады. Жақсы бізді кінәлап жатыр екен. Кәсіппен айналысып, әрекет етіп жүргесін мен көмектесермін. Алайда осы ретте көп сұрақ туындап отыр. “Қызға ешқандай қысым болмады ма екен” деген. Бұдан да бетер дүниелер орын алмас үшін шындықтың түбін ашу керек деп ойлаймын.

Арыздарына қарасақ, барлығы басқаша көрсетілген. Қазір полицейлер тергеп-тексеру әрекетін жасап жатқан жоқ. Бізден жағдайды сұрамады да. Егер қақпа құласа оған қыздың қаны жағылатын еді. Қақпада да, алаң шөптерінде де еш із жоқ”, – деді ол.

Осы жайтқа байланысты Stan.kz ақпарат агенттігі Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне шығып, пікір сұрады.

“Биыл қала аумағындағы тозығы жеткен спорт алаңдарын жаңарту мақсатында жаңадан 50 дана спорт алаңын орнату жоспарланды. Оған мердігер мекеме («Компания Строй Индустрия» ЖШС) тағайындалды.

Орын алған жағдай бойынша мердігер мекеме тізімге сәйкес 24 қазан күні 2-шағын аудан, №71 тұрғын үйдің маңында орналасқан футбол алаңын жаңарту мақсатында демонтаж жұмыстарын жүргізген. Демонтаждалған жабдықтар толықтай шығарылып, техникаға жүктеген. Алайда, жүктелген жабдықтардың көптігіне орай,
2 дана футбол қақпасына техникадан орын табылмай, алаңда қалдырылған. Орын алған оқиға бойынша Ақтау қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, тиісті шара қабылдау мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Полицияда жағдайды бақылауда ұстап отыр”, – деді ведомство.

Мердігер мекемеге техникалық қауіпсіздікті сақтамағаны үшін әкімдік тарапынан да хат жіберілген екен.