Грузияда президент сайлауы өтіп жатыр, оппозиция бойкот жариялады

Фото: Павел Бедняков

Грузияда сенбі күні, 14 желтоқсанда, жаппай наразылық кезінде ел президентінің сайлауы басталды, деп жазады Newsgeorgia.

Дауыс беру сағат 09: 00-де басталып, сағат 14: 00-де (жергілікті уақыт бойынша) ел парламентінің ғимаратында аяқталады. Процеске Грузия ОСК жауап береді.

«Грузин арманы» мемлекет басшысы лауазымына жалғыз үміткер ретінде бұрынғы футболшы және экс-депутат Михаил Кавелашвилиді ұсынды.

Оппозиция кандидаттарды ұсынудан бас тартып, қазан айындағы сайлау қорытындысы бойынша құрылған парламентті танымай, бойкот жариялады. Олар жаңа парламенттік сайлау тағайындалғанға дейін Саломе Зурабишвилиді биліктің жалғыз заңды өкілі деп есептей беретінін мәлімдейді.

Грузияның жаңа президентінің ұлықтау рәсімі мен ресми түрде қызметіне кірісуі 29 желтоқсанға жоспарланған. Ал Грузия парламентінің алдына президент сайлауы басталмас бұрын таңертеңнен бастап наразылар жинала бастады.

Қауіпсіздік шаралары күшейтілді, барлық қызметтік кіреберістерге полиция қойылды.

Сондай-ақ, кордондар елорданың бас шыршасы мен сахнасы орнатылған Руставелидегі парламенттік сарай алдындағы алаңды күзетеді.