Орталық Сайлау Комиссиясы (ОСК) төрағасының алдағы сайлау туралы брифингте халықаралық ұйымдарының елімізде бұған дейін өткен сайлауларға оң бағасын берді дегенін естідім де, не бір ойларға баттым. Мұны біреу дұрыс не бұрыс дер. Ешкімнің аузын жаба алмайсың. Қайта олқылық-қателеріміздің, олардың неден болғанын және қате-кемшіліктерден арылу жолдарын ұсынғанға, оның жасы мен шен-шекпеніне назар аудармай-ақ, тек қана рахметімді айтар едім.
ОСК брифингісінен берер күндер өткесін, Мемлекет басшысы Сенаттың кезекті отырысында қоғамды трасформациялау мен модернизациялау реформасының бұдан әрі қарай өз жалғасын табуы туралы билікті сынай айтқан сөзін тыңдағанда, көңілім көтеріліп қалды. Бұл – Қ-Ж. Тоқаевты мақтауым емес. Біреуді мақтау не даттаудың күнәдән басқа ештеңесі жоқ. Барлық мадақ-мақтау басшыға да, қосшыға да емес, тек бір Құдайға болсын!
Осы жоғарыдағы айтылған екі пікірді ұштастырғанда туындайтын ой – сын түзелмей, мін түзелмейді деу ғой. Міне, баяғыдан қалыптасқан осындай қағидаға арқа сүйеп, депутат болам дегендер мен депутат куәлігіне ие болғандарға менің ұсынар сыйлығым – «Алтын сырға». Әуелі, басталған реформалар жалғасының бағыт-бағдарын дұрыс анықтау және осы форматта халық өкілдерінің мемлекет басшысының өзі үлгі болып қалың ел-жұртына ғана қызмет етуімен қатар есеп-қисап беру. Сондықтан, болашақта қабылданатын заңдардың өміршеңдігін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы барлық заңдарындағы олқылықтар мен қателіктерден арылу үшін ата-бабаларымыздың аманат пен өсиетін ешқашан ұмытпауымыз керек. Ата-заңымыз – Конституциямыздағы және одан туындайтын заңдардағы кемшіліктердің бәрін тізіп-теріп айтудың өзі шағын бір мақалада мүмкін емес. Сондықтан, сөзімнің өзегі – алдағы сайлау.
19 наурызда Мәжіліс пен мәслихаттар депутатарын сайлауды екі кезеңге бөлмей, бір күнде өткізетін болдық. Бұл өте дұрыс қабылданған шешім. Бұдан табатын біздің ең басты пайдамыз – алтыннан да қымбат ұтысымызды, экономика тілімен айтсақ, уақытты үнемдеу. Реті келгенде айта салайын, бюджетке де орынсыз салмақ салынбайды.
Әуелі, сөзімді Парламенттің жоғарғы палатасы, Сенаттан бастайын. Оппозиция өкілдері мен кейбір дербес эксперттер Сенаттың барынан жоғы жақсы сыйақты сан қилы пікірлерін ортаға салып жүр. Осы тұста оларға қосыла менің де Сенат туралы айтарым бар. Сенаттың әлжуаздығы, қолындағы бар мүмкіндікті толығымен пайдалана алмай отырған сенаторлардың өздеріне ғана байланысты. Дайындалған заң жобаларының Мәжіліс пен Сенат арасындағы азды-көпті «серуеніне» босқа кететін уақыт, қынжылтпай қоймайды. Халық алдында Сенаторлар жыл бойы істеген жұмысының нәтижесі туралы есеп-қисап бермейді. Оларға тек, өздерін сайлағандарға жақсы болды.
Кезінде, оңай да орасан зор пайда табу үшін бүкіл әлемге әйгілі өнеркәсіп, шаруашылық пен өндірістің көптеген кәсіпорындары жер бетін түгелдей қамтып, бүгінде ақылға симайтын санкцияларға тойтарыс қоя алмай, қайтадан сол кәсіптерін алғашқы рет бастаған өз аймақтарына көшіріп, немесе бір жерде ғана шоғырланып, глокализацияланып жатқанда, шұғыл да жылдам шешім не заң қабылдауда Сенаттың тек қана кедергі болатыны айдан анық. Неге, заң жобаларын жылдам қабылдау жолына жасанды тосқауыл қоямыз? Қашан, Сенат пен Мәжіліс Мемлекет басшысының Бірікен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 77-нші сессиясының жалпы жарыссөз шеңберінде елімізде демократияның қарқынды да олқылықсыз дамуы туралы айтқанына, көңіл бөледі?
Келесі сөз, Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс туралы. Мәжіліс депутаттарының бір тобы – тек 69-ғы, несесе 70 проценті, партиялар тізімімен сайланады. Келесі топ – облыстар мен республикалық деңгейіндегі қалалар мен Астана мәслихатары депутаттарының тең жартысы (50 проценті) партиялар тізімімен анықталады екен. Соңғы топ – аудан мен облыстық деңгейдегі қалалар мәслихаттарының депутаттары тек қана бір мандатты округтардан қалыптасады. Бірақ, маслихаттар депуттарының арасында да басқарушы партия мүшелері болмайды деп, үзілді-кесілді айта алмайсың. Депуттарды заңмен осылай «сұрыптауды» — яғни, тек партияларға ғана елден ала бөтен басымдық беруді – қалай түсінеміз? Парламентті басқарушы партияның мүддесіне сай «сұрыптаудың» тағы бір тәсілі – депутат болам деген білімдар және мол тәжірибелі үміткерлер, арасында экс-депутаттар да бар, алдағы сайлауға түсу үшін небір жасанды кедергіледің кесірінен кандидат болып тіркеле алмай жатыр.
Партия депуттарының несі артық, бір мандаттық округтар мен партия мүшесі емес депутаттардың несі кем? Қазақи тілмен айтсам, партияның тізімдерімен сайланған Мәжіліс депуттары бәйбішенің балалары да басқалары – тоқалдан туған ба? Егер де, бәйбішенің балалары десең, сол бәйбішенің есімі кім, «Сара» ханум ба?
«Сара» дегенде, Таяу Шығыс елдерінің бірінде былтыр қараша айының басында өткен парламент депутаттарын сайлау есіңе түседі. Ол, бұдан бұрын Премьр-Министр болғанда осы лауазымды қызметінен қуылып, қайтадан үшінші рет Үкіметті басқару билігіне ие болды. Бәрі де заңды түрде, ешқандай олқылығы жоқ. Ең қызығы мынада. Парламенттің сот жүйесін реформалау заңын жақтырмаған, арасында адвокаттар коллегиясының төрағасы мен бұрын бас прокурордың орынбасары болған, мыңдаған кісілер қарсылық акциясын қолдап, көшелерге шықты.
Таяу Шығыстан Батыс Европаға назар аударсақ, 144-ақ күн Премьер-Министр болған Лиз Трассты қалай атап айтпайсын. Тұманды Лондон елі соңғы өткен отыз жылдағы саяси және экономикалық ереуілдердің аумағы жағынан Европада бірінші орынға шығыпты. Транспорт қызметкерлері бастаған ереуіл акциясының эстафетасын қолына алған дәрігерлерге пошта жұмысшылары мен қоса басқа адамдар да қосылған. Ал, Үкімет болса, жұмысшылар мен қызметкерлердің кәсіподағын тыңдайтын ниеті де жоқ.
Күні-түні толассыз «тасқын судай сарқыраған ақпараттар ағынынан» еститінің де көретінің: батыс елдерінде жаңа сайланған Президентке немесе қабылданған заңға қарсы көшелер мен қала алаңдарына бәлен мыңдаған адамдардың ереуіл-шеру демонстрациялары және инфляцияның шарықтауы мен айлықтарының құнсыздауына шыдай алмағандардың үкімет шешімдеріне қарсылық акцияларының бірде бәсеңдеп, кейде қайтадан өрттей өршіп жатқаны. Демонстранттар мен полиция арасындағы қантөгіс қақтығыстар да болып жатады.
Тарих парақтарынан Парламенттердің неше түрін: жалғыз да әрі басқарушы партиядан немесе екі-үш; тіпті одан да көбінен сайланғанын көрдік. Бар мәселе, Парламент партияларының аз не көптігінде емес, олардың өз еліне қызмет етуінде, әркімнің жеке өзінің өз халықына атқарған қызметі туралы есеп-қисап беруі.
«Жұта алғанымызша» алған суверенитет жылдары қол жеткен жетістіктерімізге де, кемшіліктерімізге де бір сәт тоқталайын. – Ия, жетістіктеріміз жоқ демеймін. Қолдағы бар жетістіктерімізді мақтана айтудың қатарынан емеспіз, тек сол жетістіктерден айырылып қалмасақ болды. Сайлау заңдарындағы олқылықтар мен қателіктердің (олардың біразы жоғарыда жазылды) бәрінен алдағы уақытты, иншаАллаһ, арылармыз.
Ал қазір, бізге ең бастысы – сайлау күндері мен содан кейін еліміздің тиыш болуы. Мәжіліске өтпегендердің арасынан не бір көптеген жөнді-жөнсіз айғақтармен ереуіл-шерулерге шақырғандарды қолдағандар да болар. Мен өзім, солардың қарсылық демонстрацияларының бәріне қарсымын. Осы пікірім туралы жазғаным да бар, бірақ оған ешкім де назар аударып жатқан жоқ. Әрине, болған оқиға туралы тек осындай іс-әрекет қылғанда басқаша болар еді деу – құр бос сөз.
Қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу мақсатындағы жобам туралы ОСК-інің лауазымды қызметкерімен кездестім. Кездесуіміздің барысында менің ұсынысым көптеген өзекті шешімдерге жол көрсетті. Нәтижесінде – ұсынған жобамды орындаудың аз ғана қиыншылығынан басқа сөз болмады.
Менің ұсынысым – сайлаушылардың бюллетенін ұрлатпау және сайлаушылар тізімдерінде жоқтарға дауыс бергізбеу. Аз не көп, арзан не қымбат болсын, бюллетень – Үкіметтің мүлкі. Ал, оны ұрлауға да ұрлатуға боламайды.
Бағзы заманда мыңды айдаған байлар малына, қолды болмас үшін, ен не таңба салатұғын. Ата-бабаларымыздың осы бір ешқандай дау-дамай тудырмайтын әдіс-тәсілін сайлаудың барлық түрінде қолдану ауадай қажет деймін. Әрине, баяғыдай болмайды, сондықтан, бюллетендерге «ен салу» дегеніміз – оларды нөмірлеу. Нөміріленген бюллетенді ұрлағандар мен ұрлатқандар да заң бойынша жазалануға тиісті. Осындай ұсыныс, сайлау мәселерін халықпен бірге ойдағыдай шешуге бағытталған жоба-жоспарларымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы Мәжіліс сайлауын ашық та мүлтіксіз, әділ әрі адал өткізуіміз – демократияны қарқынды әрі жеделдете дамыуын қолдау – Алланы разылығы үшін жасаған сауапты амалымыз болсын, Әмин!
Оспанов Хамза
экономист, зейнеткер, «SHABYT» ҚБ
ПІКІР ЖАЗУ