Президент

«Бір адам – танктерге қарсы»: Президент Тоқаев көрген Тяньаньмэнь шындығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1989 жылы Қытай астанасы Пекинде орын алған тарихи оқиға – Тяньаньмэнь алаңындағы қанды қақтығыс жайлы жазған естелігі қайтадан қоғамдық назарға ілікті. Ол кезде дипломатиялық қызметте жүрген Тоқаев Пекин қаласында болған және оқиғалардың тікелей куәгері атанған, деп хабарлайды ozgeris.info.

Оның жазбаларында түнгі уақытта мыңдаған адамның қаза тапқаны жайлы Батыс ақпарат құралдары мәлімдегенімен, Қытай үкіметі мұндай деректі жоққа шығарғаны баяндалады. Тоқаев өзінің танысы, сауда өкілінің орынбасары В.Горшковпен бірге «Пекин» қонақүйіне барып, орталық алаңда орналасқан әскери күштерді көруге тырысқанын баяндайды. Ол сол сәтте қалада әскери патрульдердің көп болғанын, қонақүйдің бос тұрғанын, ал тұрғындардың үреймен жүргенін еске алады.

Қонақүйдің 16-қабатында олар күтпеген жайтқа тап болған – делегация орналасқан бөлмеде шетелдік тілшілер жасырын түрде түсірілім жүргізіп жатқан. Бұл шетелдік баспасөздің Қытайдағы оқиғаларды әлемге тарату әрекетінің бір көрінісі еді.

Балконға шыққан кезде Тоқаев тағы да шетелдік журналистерді көріп, олардың Тяньаньмэнь алаңына бағытталған камералар мен фотоаппараттарын байқаған. Қаладағы қатаң тыйымдарға қарамастан, олар түсірілімді жалғастырып жатты. Ал Тоқаев пен әріптестері заңды бұзбай, тек бинокльмен бақылаған.

Тяньаньмэнь алаңы толықтай әскери күштермен қоршалып, бронетехника мен сарбаздарға толы болған. Әуеде тікұшақтар, көшеде танкілер мен жаяу әскерлер жүріп жатты. Алаң бейбіт саябақтан гөрі әскери базаны елестеткен.

Ең есте қалған сәт – ақ көйлек киген белгісіз азамат басты танктің жолын бөгеген кез. Ол автомат асынған әскерилерге бірдеңе түсіндіруге тырысқан, алайда бейбіт қарсылық ұзаққа созылмаған: бірнеше азаматтық киімдегі адамдар оны ұстап, алып кеткен.

Осы сәт кейін әлемге әйгілі суретке айналды – бір адамның танктерге қарсы тұруы Қытайдағы азаматтық қарсылықтың символына айналды. Бұл көрініс бүкіл әлемдік телеарналардың хроникасына енді.

[caption id="attachment_48901" align="aligncenter" width="940"] Фото: Charlie Cole / SIPA / East New[/caption]

Оқиға куәгері болған Қасым-Жомарт Тоқаев сол күнді еске ала отырып, бұл тарихи сәттің маңыздылығын түсінуге шақырады. Ол шындық пен бейбітшілік үшін күрестің маңыздылығын еске салады.

Барлық жаңалық