Балқашта 1930 жылдары салынған үйдің тұрғындары баспанасы құлап қала ма деп қорқуда. Бұл үшін олар маңайдан дүңгіршек салуға рұқсат алып, бірақ ғимарат салуға кіріскен кәсіпкерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Балқашта бір ғасыр бұрын салынған үйдің тұрғындары баспаналарының жанынан заңсыз құрылыс басталғанына наразылығын білдірді. Көпшілік тек бір дүңгіршек орнатуға 7 жыл бұрын келіскенін айтады. Алайда кәсіпкер бастапқыда берген уәдесін орындамай, дүкен салуға кірісіп кеткен.
Билік құрылысты тоқтату туралы бұйрық бергенімен, құрылыс әлі де жалғасып жатқан көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстарының кесірінен тозығы жеткен үйдің қабырғалары құлай бастаған.
“Олар біздің үйдің астын қазды. Іргетасы бүлінді. Үйдің шетінде жарықшақ пайда болды. Осы учаскенің астынан үш үйдің кәріз желілері өтеді. Жылумен жабдықтау және су бұру бар. Сондықтан бұл жерде ешбір жағдайда ғимарат салынбауы керек”, – дейді тұрғын Юлия Гаврилова.
Тұрғындардың бірінің сөзінше, 7 жыл бұрын бәрі бір ауыздан балмұздақ сататын дүңгіршек салуға рұқсат берген.
“2017 жылы балмұздақ сататын дүңгіршек орнатуға келістік. Қол жиналды. Енді оның алаяқтықпен жасалғаны белгілі болды. Үйдің іргесіндегі жерді ешқашан ешкімге берген емеспіз”, – дейді тұрғын Светлана Аулобаева.
Тұрғындардың айтуынша, үй 1938 жылы салынған. Әкімдіктен 100 метр қашықта орналасқан екен. Құрылысты жүргізіп жатқан кәсіпкер қолында барлық құжат бар екенін айтады. Оның үстіне нысан жер басқармасы, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, полиция, тіпті көші-қон полициясының тексеруінен өткен.
“7 жыл бұрын 100% қол жинауға өте ұзақ уақыт кетті. Енді көршілер мұны мүлдем ескеріп тұрған жоқ. Олар ештеңеге қол қойған жоқпыз деп отыр. Бастапқыда дүңгіршек саламын деген дейді. Дегенмен әу баста сауда павильонын салатынымды айтқанмын”, – дейді кәсіпкер Мадина Кульчукова.
Алайда Балқаш қаласының әкімдігі тұрғындарды қолдап, кәсіпкерді сотқа бермек.
“Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жібердік. Мамандар келіп, бұл құрылысты тоқтату туралы бұйрық берді. Бірақ құрылыс әлі тоқтаған жоқ. Дегенмен қалай болғанда да бұзамыз. Өйткені оның салып жатқаны мақсатқа сай емес. Хабарлама талоны, рұқсаты, жобасы, сараптамасы жоқ”, – деді Балқаш қалалық тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Оңалбек Мәдиғалиев.
Мәдина Кульчукованың айтуынша, ол жерді рәсімдегенде тұрғындардың өтінішімен үйдің бір бөлігінің шатырын жөндеп, брусчатка төсеп, кіреберіске есептегіштер орнатып, тұтқаларын қойып берген. Енді кәсіпкер сотқа шағымданбақ.
ПІКІР ЖАЗУ