Соңғы жылдары Алматыда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, элиталық үйлерге басымдық берілуде, мысалы қымбат пәтерлер мен коттедждер көптеп салына бастады. Сарапшылардың пікірінше, құрылыстың дамуы экономика мен инвестиция үшін жақсы болғанымен, табиғатқа зияны орасан зор. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
2024 жылғы статистикаға сүйенсек, Алматы халқы 2,2 миллионнан асты. Мамандар урбанизация қарқынынан қаладағы өзендер мен арықтар зардап шегіп жатқанын айтып дабыл қағуда. Үлкен және Кіші Алматы өзендері мен көптеген арықтар бұрын қалаға ерекше көрік беріп, ауаны салқындатып, адамдарға ауыз су ретінде де қолданылып келген. Алайда 2000-жылдардан бастап Медеу мен Бостандық аудандарында элиталық үйлер қаптап салына бастады. 2021 жылы мұндай үйлердегі бір шаршы метрдің орташа бағасы 850 000 теңгеге жеткен. Соған қарамастан, 240–450 шаршы метр пәтерлерге сұраныс өте жоғары болды. Бұрын алма бағы мен көкөніс егетін жерлерге де көп қабатты үйлер салына бастады. Мысалы, Есентай өзенінің маңындағы құрылыстың көлемі 2000-2017 жылдар аралығында үш есе артқан. Ал Көк-Төбе мен Медеу жақта көптеген арықтар автотұрақ пен жол үшін көміліп тасталған. Соның кесірінен жерге сіңетін су азайып, лай, лас сулар көбейіп, табиғи тепе-теңдік бұзылып жатыр.
Одан бөлек, көптеген жаңа үйлердің кәріз жүйесі толық істемейді. Қаланың жоғарғы бөлігінде кейбір үйлерден шыққан лас су өзендерге тікелей құйылып жатыр. Соңғы 10 жылда Үлкен Алматы өзеніндегі зиянды заттар 25%-ға артыпты. Нәтижесінде өзендегі кейбір балық түрлері де жойылып кеткен.
Мұндай өзгерістер ең алдымен су жүйесінің бұзылуына себеп болды. Үйлер салу үшін топырақты қазып, судың бағытын өзгертуге тура келеді. Қазгидрометтің мәліметі бойынша, Көк-Төбе жақта орналасқан элиталық үйлердің жанындағы шағын өзендерде 2010–2020 жылдар аралығында су ағымы 15%-ға азайған. Жағалауларды бетондап, арықтарды жауып тастау судың жерге сіңуіне кедергі келтіріп, топырақ эрозиясына және судың ластануына себеп болды. 2024 жылы ауадағы зиянды бөлшектердің мөлшері рұқсат етілген деңгейден 15,3 есе көп болған. Бұл көбіне жаңа үйлердің маңындағы көліктер мен құрылыс шаңының салдары.
Сонымен қатар, соңғы 20 жылда жазда қаладағы температура 1,5°C-қа жоғарылаған. Барлық аталған факторлар халықтың денсаулығына кері әсер етуде.
Тағы бір үлкен мәселе. Тұрмыстық және құрылыс кезінде шыққан лас сулар. «Esentai City» секілді элиталық кешендер көбіне орталық кәрізге қосылмайды, өйткені оның қуаты жетпейді. Экологтардың айтуынша, қаланың жоғарғы бөлігіндегі үйлерден шыққан судың 20%-ы ешқандай тазалаусыз өзенге ағып жатыр. Соңғы 10 жылда Үлкен Алматы өзеніндегі нитрат пен фосфат мөлшері 25%-ға артқан. Бұл балықтарға, өсімдіктерге, тіпті адамдардың денсаулығына зиян келтіріп жатыр. 2023 жылы «Алатау» шипажайы жанында бұрын өмір сүрген үш түрлі балық түрі мүлдем жоғалып кеткен.
Элиталық үйлердің салынуы тек табиғатқа емес, әлеуметтік жағдайға да әсер етуде. Бұл үйлер тек бай адамдарға арналған. Алматыда, мысалы, Мирас пен Көк-Төбе ауданында бір шаршы метр 1,7 миллион теңгеге дейін жеткен. Бұл жерлер бұрын халық демалатын өзен мен саябақ маңында орналасқан. Енді ол жерлерге тек сол үйлерде тұратындар ғана кіре алады. Қарапайым адамдар үшін бұл аумақтар жабық.
Құрылыс кезінде заң талаптары жиі бұзылады. Алматыда 2020–2023 жылдары салынған үйлердің 40%-ы су қорғау аумағында орналасқан. Бұл дегеніміз өзенге тым жақын салынып, экологияға зиян келтіреді. Су жағасынан кем дегенде 50 метр қашықтық сақталуы тиіс, ал кейбір жерде бұл аралық 10–20 метрге дейін қысқарған.
Мәселені шешу үшін бірнеше нақты қадам керек дейді мамандар.
Біріншіден, су жағасындағы құрылысқа қатаң бақылау орнату қажет.
Екіншіден, кәріз жүйелерін жаңарту керек, өйткені қазіргі жүйе барлық қажеттілікті өтей алмай отыр.
Үшіншіден, бұрынғы арықтар мен жасыл аймақтарды қалпына келтіру қажет. Мысалы, Самал ауданында жүргізілген бір жоба шағын өзендердегі су мөлшерін 8%-ға арттырған.
Төртіншіден, құрылыс шешімдері ашық қабылдануы керек. Сондай-ақ халықтың пікірі ескерілуі тиіс.
Салыстыру үшін айта кетсек, дәл осындай жағдай Ташкентте де байқалып отыр. Өзбекстан астанасы Шыршық өзенінің бойында орналасқан. Онда да элиталық үйлердің көптеп салынуына байланысты өзендер бетондалып, жасыл аймақтар азайып кеткен. Су арналары тарылып, өзендердің ағысы өзгерген. Су көздері құрылыс қалдықтарымен ластанып, ауаның сапасы нашарлаған. 2025 жылы Ташкент әлемдегі ең лас қалалардың қатарына еніп, ауа сапасы бойынша 47-орынға шыққан. Яғни, екі қала да бір бағытпен кетіп бара жатыр деген сөз.