Қазақстандық казинолардың қанша табыс табатыны айтылды

Казино
Фото: informburo.kz

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) қазақстандық ойын мекемелерінің жылына қанша табыс табатынын айтты.

МКК деректері бойынша 2022 жылы құмар ойындар мен бәс тігу қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілердің жылдық жиынтық табысы 1 триллион 048 миллиард 900 миллион теңгені (1 048 900 000 000 теңге) құраған.

«2023 жылы Құмар ойындар мен бәс тігу қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілердің жылдық жиынтық табысы 1 триллион 270 миллиард 100 миллион теңгені (1 270 100 000 000 теңге) құрады», — деп хабарлады комитетте.

2024 жылғы мәліметтер әлі жоқ, себебі салық кезеңі 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейінгі күнтізбелік жыл болып есептеледі.

Ал лотерея операторларының табысы салықтық құпия.

«Бүгінде Қазақстанда бірыңғай лотерея операторы – «Сәтті Жұлдыз» АҚ жұмыс істейді. Салық кодексінің 30-бабына сәйкес лотерея операторының кірісі туралы ақпарат салық құпиясына жатады және салық төлеушінің жазбаша рұқсатсыз жария етілмейді», — деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетінде.

Ведомствода қазақстандықтардың ойын орындарында қанша ұтылғаны туралы мәлімет жоқ.

Айта кетейік, Қазақстанда казино қызметіне Ақмола облысы Щучье ауданының аумағында және Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында ресми түрде рұқсат етілген.