Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
Қазір екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып жатыр.
Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады. Біз осы жетістіктерді еселеп, қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Бұл сапардың екі елдің ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін, – деп толықтырды сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
ПІКІР ЖАЗУ