Ағымдағы жылдың 10 айында Атырау облыстық перинаталдық орталығында 8131 нәресте дүниеге келсе, олардың 418-і - мерзімінен бұрын туылған шақалақтар. Ең кішкентайының дене салмағы - 500 грамнан 1 килограмға дейін.- Егер өткен жылы шала туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 20% - ға өссе, биыл бұл көрсеткіш 33% - ды құрап отыр. Оң динамикаға біздің дәрігерлердің неонатологиялық біліктілігін арттыру, жаңа заманауи жабдықтар - кювездер мен сәбилерге арналған өкпені жасанды желдету аппараттарымен қатар жаңа туған нәрестелердің тыныс алуын қалыпты ұстап тұратын СИПАП-қондырғыларды сатып алу арқылы қол жеткіздік деп айта аламыз. Өйткені, шала туған сәбиелерде негізінен өкпе мен тыныс алу жүйесінің жетілмеуінен көптеген аурулар пайда болып, сәбилер арасындағы аурушаңдыққа алып келеді, - деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова. Мамандардың айтуынша, мерзімінен бұрын босанудың негізгі себептері-әйелдің жүктілік арасындағы аралықты сақтамауы, болашақ ананың есепке кеш тұруы, жүктілікті жоспарламауы секілді жайттар.
Гүләлия ИГІЛІКОВА.