Астаналық №1 Т. Бигелдинов атындағы мектеп-лицейде сабақ уақытында цирк шарасы өткізілді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Ата-аналардың айтуынша, мектеп әкімшілігі цирк труппасына акт залын жалға беріп, оқушыларды сабақ уақытында шоуға жіберуге рұқсат еткен. Цирк қызметкерлері балаларды тегін фотосессиямен – питон мен қолтырауынмен суретке түсу мүмкіндігімен қызықтырған.
Мектеп оқушысының әкесі Жан Нұрбеков бұл жағдайға наразылығын білдірді:
«Сабақ уақытында мұндай шараларды өткізу қаншалықты дұрыс? Оқушылар білім алудың орнына шоуға қатысады. Менің ұлым білім алу үшін мектепке барады, шоу үшін емес. Оған қоса, мұндай іс-шаралар мектепте бірнеше рет өткізілді,» – деді ол.
Кейбір ата-аналар қауіпті жануарлардың мектепке әкелінуіне алаңдаулы.
«Санитарлық талаптарға сай ма? Оқушылардың қауіпсіздігі қаншалықты ескерілген?» – дейді олар.
Бұл жағдай ата-аналардың ғана емес, қоғамның да алаңдаушылығын тудырды. Естеріңізге сала кетейік, биыл Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандық оқушылардың білім деңгейі ОЭСР елдерімен салыстырғанда үш жылға артта екенін айтқан болатын.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру