Астанада көп балалы ана балконнан секіріп, көз жұмды

Фото: ашық дереккөзден

Астанада 1990 жылы туған 5 баланың анасы балконнан секіріп кеткен. Оның көз жұмғанын денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

«Биыл 23 шілдеде  А. Бектұров, 3 мекен-жайы бойынша жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылды. ЖМК бригадасының келуімен үйдің ауласынан қыздың мәйіті табылды. Куәгерлердің айтуынша, қыз жоғарғы қабаттардан құлаған. Ол өмірге сәйкес келмейтін жарақаттардан қайтыс болды. Мәйіт полиция қызметкерлеріне берілді», — деп хабарлайды Астана денсаулық сақтау басқармасы.

Көп балалы әйелдің құлағанын Астана қаласының полиция департаменті де растады.

«Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының негізінде өзге де ақпарат жария болмайды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Оның ең кіші баласы — 1 жаста. Күйеуі басқа қалада болған. Куәгерлер екеуінің арасында ұрыс-керіс болғанын айтады.

«Бала туғаннан кейінгі депрессияны жоққа шығаратындар осы оқиғаға қатысты тағы бір рет ойланса екен. Мұндай оқиға кез келген адамның басында болуы мүмкін. Аналарымызға қамқор болайық», — дейді оқиғаның куәгері.