Жаңалықтар

Астанада 70 жастағы әйел 286 млн теңгеге қаржы пирамидасын құрғаны үшін сотталды

Астанада Happy Life KZ компаниясы арқылы қаржы пирамидасын құрған зейнет жасындағы әйел 5 жылға сотталды. Бұл туралы қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.

Сот дерегінше, 2016 жылы басталған алаяқтық схема 2024 жылға дейін жалғасқан. «Happy Life KZ» ЖШС-ның құрылтайшысы  желілік маркетингтің матрицалық жүйесін пайдаланып, жаңа салымшылар тарту арқылы бұрынғыларға табыс үлестіріп отырған. Пирамиданы жасыру үшін емдік сабын, сүт маскасы, тағамдық қоспа сияқты арзандау өнімдерді саудаға шығарып, оларды «Айсәуле» және «Қазбад» брендтерімен жарнамалаған. Бұл қаржылық алаяқтықты косметика бизнесі етіп көрсету үшін ойластырылған стратегия. Салымшылардан 7 500 теңгеден 1,6 миллион теңгеге дейін жарна жиналған. Пирамида тоқтаған сәтте кейін қосылған салымшылар өз ақшасын қайтара алмай қалған. Тергеу дерегінше, 8 жылда А. азаматтардың 286 миллион теңгеден астам қаржысын иемденген. Оның 16 миллионы — 35 жәбірленушінің нақты материалдық зияны. Сот А.-ны кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Барлық жаңалық