Жаңалықтар

Ақшаны қалай сақтау керек: банкир Алмас Чукин кеңес береді

Әлемдік саясат тұрақсыз. АҚШ-тағы өзгерістер, Трамптың ықтимал қайтып келуі, геосаяси тәуекелдер – бәрі де халықтың қаржысына тікелей әсер етуде. Осындай белгісіздік жағдайында ақшаны қалай сақтау керек? Экономист, қаржы сарапшысы Алмас Чукин осы сұраққа нақты жауап берді. Ол Digital Business басылымына берген сұхбатында қазіргі валюта нарығының ерекшеліктері туралы айтып, қарапайым азаматтарға арналған тиімді кеңестер ұсынды, деп жазады Ozgeris.info.

Қаржыны теңге мен долларға бөліңіз

Алмас Чукиннің айтуынша, қазіргі жағдайда ең басты ереже – тәуекелдерді азайту. Ол үшін ақшаны әртүрлі валютада сақтау керек.
— Қандай заман болса да, ең жақсы қорғаныс – әртараптандыру. Қазақстанда тұрып, теңгемен өмір сүріп жатқан соң, ақшаның жартысы теңгеде болғаны дұрыс. Қалған жартысын долларға сақтаңыз. Сол кезде айырбас бағамының өзгерісіне қарап, алаңдамайсыз. Ең бастысы – бір валютадан екіншісіне секіре бермеңіз. Франк, еуро немесе басқа да валюталардан түрлі «корзина» жинаудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда дәл болжау мүмкін емес, — дейді сарапшы.

Доллар құнсызданбайды – керісінше, қымбаттайды

Қазір қоғамда доллар әлсірейді деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бірақ Чукин бұған келіспейді.
— АҚШ экономикасы әлсірейді дегенмен, бұл доллар көп болады деген сөз емес. Керісінше, айналымдағы доллар азаяды. Бұл – ұсыныстың қысқаруы. Яғни доллардың өзі де – тауар. Оған сұраныс артқан сайын, бағамы да өседі. Доллар – сиқыр емес, бірақ ол әлі де тұрақтылықтың символы болып отыр, — дейді ол.

Уақыт факторы маңызды

Сарапшы дағдарыс бірден басталмайтынын, валюта бағамындағы өзгерістердің біртіндеп жүретінін ескертеді.
— Қазір бірден ауыр соққы болады деп айтуға болмайды. Уақыт бар. Қазақстанда да белгілі бір «жастық» қор бар. Бірақ ол тек «бір күндік қаралы күнге» арналған. Бір жылға немесе ұзақ дағдарысқа жетпейді. Бұл – шындық, — дейді Чүкин.

Ұзақ дағдарысқа дайын болу керек

Ең үлкен қауіп – созылмалы дағдарыс. Алмас Чукин осындай жағдайда алдын ала дайын болудың маңызын атап өтті.
— Егер қысқа мерзімді қиындық болса, халық оған төтеп бере алады. Бірақ 2-3 жылдық дағдарыс болса, жағдай мүлде өзгереді. Қазірден бастап тәртіп орнату керек, — дейді экономист.
Ол бұл пікірін өмірден алынған мысалмен жеткізді:
— Әкеңіз үйге келіп: «Мен енді директор емеспін. Бас инженер болдым. Жалақым екі есе азайды», – десе не істейсіз? «Бұрынғы өмірді жалғастырамыз» десеңіз, жинақты жаратуға тура келеді. Ал бұған көнбесеңіз, жаңа шындыққа бейімделуіңіз керек, — дейді сарапшы.
Қорыта айтқанда, Алмас Чукиннің кеңесі қысқа да нұсқа. Ақшаны бір жерге байламай, теңге мен долларға бөліңіз. Уақытты ескеріңіз. Эмоцияға берілмей, салқынқандылық танытыңыз. Қаржыны басқарудағы ең басты ереже – сабыр мен тәртіп. Дағдарысқа дайын адам ғана оны жеңіл еңсере алады.
Барлық жаңалық