Александр Мәруаұлы. «Күлімдейді кеудемде сөнбес үміт»

Александр Мәруаұлы 2004 жылы Ақтөбе қаласында туған. 

***

Бізге неге баянсызды аңсаттың,
е-ей, есі бар Құдіре-ет?..

                                                        (Мейірхан Ақдәулетұлы).

Жаңбыр жауды.
Бейнебір күнәма көрсетіп қарсылық.
Мен шылым шеккенде жаумаса не етеді?
Темекі тұқылын түсірді тамшы ұрып,
Түтіні қаңғырып кетеді.

Көз алдым көк түтін,
Өмірді бұлыңғыр күйінде көремін.
… Жұтылып барамын іңірге.
Жауапсыз сұрақтар-жауабы жоқ оның,
Тек сенім қалады түбінде.

Санасы барлардың барлығы шерменде,
(Күйбеңі тірліктің күйдірді көргенсіз)
ӨЗІҢДІ бар деуге, ӨЗІҢДІ жоқ деуге-
Ойлардың барлығы дәрменсіз.

Жұп-жұмыр жүрегім туғаннан жаралы,
Тек үнсіз орындап келемін әмірін.
Менің құр сүлдерімді «ой» сүйреп барады,
Аяшы, Сүйіктім!
Аяшы, Тәңірім!

***

Өмір…Өлім…
Ортасында тұрмын мен,
Бақытым бар
Баянсызын білдірген.
Түйгені жоқ пенделерге налыдым
Күйбеңі көп тірлігіме күлдім мен.

Жанарымнан тамшы болып тамса мұң,
Күледі екем, күледі екем қанша күн?!
Мен алыстап кетем бір күн жалғаннан,
Ақиқатқа ауған кезде аңсарым.

Сырға толы жермен көктің арасы,
Көпшіліктің көтермейді санасы.
“Алла”-дейді, “Алла”-дейді’ адамдар,
Ақылымның жетпейтінін қарашы.

Ғалам қызық, көктегі күн, айым да,
(Мынау дүние мүмкін әлде ойын ба?)
Өмір-Өлім, Жұмақ-Тозақ, Құдайлар,
Он алтымда ойран салды ойымда.

Әлем бір күн айналардай мүсінге,
(Құлшылықтың бәрі құдай үшін бе?)
О, Тәңірім, кешіре гөр, кешірші,
Мынау мендік жазған өлең -түсімде…

***

Күлімдейді кеудемде сөнбес үміт,
Кейде менде болады пендешілік.
Саған деген ақ қардай сезімдерім,
Көктем келсе кетеді жерге сіңіп.

Бар мұңымды елемей тұрса ғалам,
Тағдырымды ойлар көп тұмшалаған.
Құдіретіңнен мен сенің айналайын,
Қасіретті шектірген мұнша маған.

Маза бермей жаныма бір ақ күдік,
Тыңда бір сәт жүрекке құлақ түріп.
Қою түнде келемін жалғыз өзім,
Сынық айдың сәулесін шырақ қылып.

Шерімді енді кімге ақтарайын?
Бәймәлім өзіңе де, жатқа жайым.
Құлазып өзіңді ойлап отырғанда,
Ажалдай айтпай келші, аппақ айым.

***

«Бұл далаға бір қарасам пейілім менің кеңейген-
Енді қайтем осы өлкені туған жерім демей мен!»
                                                                           (Жұмекен Нәжімеденов).

Жыр-жүрегім толып тұр бүгін шерге,
Қасиетіңе киелі жүгінсем бе?
Тұрғызбасын, ешбіреу тауың түгіл,
Жалғыз түйір тасыңа сүрінсем де.

Бұлағыңа мөп-мөлдір сырым қанған,
Жоталарға жұп-жұмыр жырым қонған.
Табаныма тас батып, шөңге кірсе,
Өтінемін, оны да суырмаңдар!

Дархан дала дертіме азық болып,
Ақ қағазға қайғымды жазып беріп,
Майда,жұмсақ құмыңа құласам ғой
Құлазыған сәттерден қажып келіп.

Келгендей-ақ көсілер кез ыңғайлы,
Бой түзелді, өзіңде сөз ұлғайды.
Құдіреті тілімнің жетер ме екен,
Қалам алып толғауға өзің жайлы.

Естеліктер сенде өткен есімдегі,
Махаббатты маздаған өшірмеді.
Алаңдаймын, дем жетпей қала ма деп,
Алып таулар қозғалса төсіндегі.

Талай адам жаныңды табалады,
Қадіріңді ұқпай жүр неге бәрі?
Тазалықты сендегі сезу үшін,
Көңілімді кірлетпей келем әлі.

Абырой ғой тасыңды арқаласақ,
Аялдай тұр, аялда, тарқама сәт.
Қиыр кезіп кетемін содан кейін,
Бір уыс топырағыңды қалтама сап.

Аспаныңдай сол кезде өр боламын,
Күннің өзі береді жанға жалын.
Білемісің туған жер жан-жарама
Жалғыз ғана жусаның ем боларын.

Толқындары теңіздің қуатты екен
Өмірімді өзің ғой шуақты еткен.
Соңғы демім қалғанша сүйіп өтем,
Жүрегіме орнаған жұмақ мекен.

Дауа таппай тірліктен сабылысқан,
Асау сезім өзіңе алып ұшқан.
Ең ұлы өлеңдерді тудырады,
Ең ұлы саған деген сағыныштар!..

***

Сену қиын жарығым сірә бұған,
Көктем жәйлі бұл елге жақ аштың ба?
Өмірді көре сала құлазыған,
Қалтырайды бір тал гүл қар астында.

Көкжиектен күлімдеп атады ақ таң,
Аққу қаздар мекен қып алакөлді.
Ең ақырғы ақ қары жапалақтап,
Ақпан қимай барады қара жерді.

Өмір сүріп өкінбей, тірлік көріп,
Көктеп жатыр кеудемде көп өлеңім.
Көктем келсе көңілім күңгірттеніп,
Қабағымнан қар жауды неге менің.

Хәл сұрамай сен менен, жыр сұрадың,
Өлеңді қойш, өмірге тамсанайық.
Ақ қарға бер қайғыңды, жүрші жаным,
Күліп тұрып көктемді қарсы алайық.

 

***

Элегия

Арпалыссам асаудыда жеңемін,
Ақындарға бағынбайтын шың бар ма?
Адалдықтың ақ жолында келемін,
Ақиқатты жырлауға.

Жауһар жырдың айдынында жүзгенде
Бір бақытты ойлай кетем түнде тым.
Қалам тербеу құрмет болса біздерге,
Адам болу-міндетім.

Жырымменен жеткізбесем күйімді,
Жай таппайды жұдырықтай жүрегім.
Қара өлеңмен тарту еткен сыйымды
Қабылдай ма бұл елім?

Хошы болмай өтерме екен көңілдің,
Өлген кезде табылмасам сөреден.
Жалғандығын біле тұра өмірдің,
Ақын болдым неге мен.

Ақын болдым.Жұртым үшін туылдым.
Алтынындай ардақтаған арысың.
Қаламымды қынабынан суырдым,
Қара халық қамы үшін.

Елмен бір бол,ойла халық хақында,
Араша бол сөз ішінде егесте.
Шындығы жоқ өлең жазған ақынға
Өлім артық емес пе?!