Соңғы жылдары экологтар ғаламшарымызға қауіптің төнгенін айтып, дабыл қағып жүр. Жыл өткен сайын жердегі ауа температурасы көтеріліп, мұздықтардың жылдам еруіне жол ашып жүр. Одан бөлек ауыз су тапшылығы, ауаның ластануы сияқты ғаламдық проблемалар бар. Соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша өткен ғасырман салыстырғанда жердегі ауа температурасы 1,02 С-қа жоғарылаған. Ғалымдар бұл көрсеткіш 2100 жылдарға қарай үш немесе төрт есе өсіп, 3,7-4,8 °С болуы мүмкін екенін айтады.
Климаттың өзгеруі – адамзаттың іс-әрекетінің әсерінен ұзақ жылдар бойы жалғасатын процесс. Табиғи апаттарды есепке алмағанда, ғаламшардағы болып үлкен жатқан өзгерістердің басым бөлігі адам қолымен жасалып жатыр.
Қазіргі уақытта бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе – жаһандық жылыну. Жер шарының 4,5 миллиард жылдық тарихында ғаламшарымыз бірнеше рет жылыну мен мұздық дәуірлерді бастан кешірді. Ғалымдардың пайымдауынша, осы дәуірдегі жылыну процесі 1980 жылдан басталған. Атмосферадағы озон қабатының бұзылуынан жердегі ауа температурасы көтеріліп, мұздықтар қалыпты емес жылдамдықпен еру үстінде. Бұдан ғаламшарға келетін ең үлкен зиян — су басу қаупі. Одан бөлек, мұзды аймақтардың жылдам еруі сол аймақтағы тіршілік иелерінің өміріне қауіп төндіреді.
Жаһандық жылынудан кейінгі ең үлкен мәселе – ауыз судың тапшылығы. Қазіргі уақытта жер бетіндегі 8 миллиард адамның бір миллиарды ішетін тұщы су тапшылығынан зардап шегіпа отыр. Мамандар ауыз су тапшылығы 2030 жылға қарай ең өзекті мәселе ретінде алғашқы орынға шығу мүмкін екенін ескертеді. Бұл кезде әлемдегі 50-ден астам мемлекет ауыз су тапшылығынан зардап шегетін болады. Қазіргі уақытта тұщы суға қол жеткізе алмай жүрген елдердің басым бөлігі Африка материгінде орналасқан. Бұл мәселе біздің елде де айтарлықтай шешімін таппаған. Өркениеттен алыс орналасқан елді-мекендерде ауыз суды тұтыну қиынға соғады. Көп жағдайда ауыз су жеткізілген жерлерде сапа сынға сәйкес емес. Дегенмен, мемлекет бұл мәселелердің шешімін табуға тырысып жатыр. Жоспар бойынша 2050 жылға дейін Қазақстандағы барлық елді-мекен ауыз суды оңай тұтына алуы керек.
Одан бөлек, шешімін табу қиынға соғатын мәселелердің бірі – ауаның ластануы мен қоқыс полигондарының көбеюі. Технологияның дамуы, зауыт, фабрикалардың көбеюі ауаның ластану деңгейін жоғарылатып жатыр. Әлемдегі ең алып мегаполистердің қазіргі экологиялық жағдайы өте нашар. Үлкен қалалардағы халық лас ауамен мәжбүрлі түрде тыныстап жүр. Бұл мәселе бізде де өзекті. Қазақстан халқының 2 миллиондай адамы ауасы қатты ластанған өңірлерде өмір сүріп жатыр. Көрсеткіш бойынша, Қазақстандағы көліктерден ғана ауаға шығатын зиянды қалдықтар көлемі 1 миллион тоннадан асады. Ал, жылу энергиясын, тағы да басқа мақсатта жұмыс істейтін станциялардан шығатын зиянды қалдықтардың көлемі 3 миллион тоннаға жуықтайды.
Қалдықтарды өңдеп, қайта іске жарату әлемдегі дамыған елдерде ғана жұмыс жасайды. Швейцария, Корея, Германия сияқты елдерде бұл технология кең етек алған. Дегенмен, бұл өте қымбатқа шығатын процесс. Даму деңгейі төмен елдерде қоқыс толығымен сұрыпталмайды. Оның орнына қоқыс полигондары жер-жерден орын алған. Бір ғана Қазақстанның өзінде үш жарым мыңнан асатын қоқыс полигоны бар. Көп полигонда қоқысты жою үшін өртеу әдістері қолданылады. Тиісінше, бұл ауаның ластану процесін жылдамдатады.
Сонымен қатар, климаттың өзгеруі туралы сөз қозғалғанда даму мәселесі де айтылады. Себебі, әлем халқы өмір сүріп жатқан ғаламшарға төнетін қауіп адамдардың өміріне де үлкен өзгеріс әкеледі. Климаттың өзгеруінен зардап шегетін халықтарды көбі – әлеуметтік жағдайы төмен, дамудан қол үзіп қалған немесе даму жолына енді түскен елдер. Дамып кеткен елдер климаттағы өзгерістерге жауапты. Ал артта қалған елдер тек зардабын шегеді. Себебі оларда апаттың алдын алатын, онымен күресетін қаржылық ресурс пен мүмкіндік жоқ. Бұл ғаламдық, технологиялық қарқынды дамудың екінші жағы.
Эколог мамандар климаттық өзгерістің Қазақстанды да айналып өтпейтінін айтып жүр. Осыған дейін біздің еліміз құрлықтың ортасында проблемаға көп жағдайда мұхитқа жақын елдер тап болады деген пікір айтылып келді. Дегенмен, қазір еліміздегі экологиялық ахуал мәз емес екенін көзбен көріп жүрміз. Жоғарыда айтылған үлкен қалалардағы ауаның ластануы мен қоқыс полигондарының көбеюі соның дәлелі.
Жер шарының бүлінбей, тұтас сақталуына әр тұрғын жауапты. Ең бірінші кезекте, адамдар өздері үшін жауапкершілікті сезіну қажет. Ол үшін үлкен жұмыс атқарудың да қажеті шамалы. Әлемнің сақталуына үлес қосам десеңіз, бар болғаны төмендегі қарапайым кеңестерді оқып, жүзеге асырып көріңіз:
Суды үнемдеңіз. Артық қолданылуын мейлінше азайтқаныңыз дұрыс. Отбасыңызға да осыны үйретіңіз.Балаларыңызға өзіңіз үлгі болыңыз.
Азық-түлік дүкендерінде полиэтилен пакеттерден бас тартыңыз. Орнына бірнеше рет қолдануға болатын эко сөмкелерді таңдағаныңыз әлдеқайда зиянсыз.
Ақпараттық қолдау. Табиғатты қорғаумен айналысатын түрлі ұйымдардың ақпаратын жақындарыңызбен бөлісіп, әлеуметтік желілерде репост жасасаңыз, үлкен көмек болады.
Ғаламшарды сақтау үшін ұйымдастырылатын сенбіліктер мен түрлі науқандарға қатысу – қолыңыздан келетін ең қарапайым көмек.
Қоқысыт мейлінше сұрыптап, өңдеуге келетін көп мөлшердегі қоқыстарыңызды арнайы өңдеу орталықтарына өткізуге болады.
Дайындаған: Наржан МҰРАТ
ПІКІР ЖАЗУ