Air Astana қызметкері Бибігүл Төлегеноваға дөрекі сөйлеп, бортқа кіргізбей, тұрып алған

Фото: ашық дереккөзден

Желі қолданушылары Air Astana әуекомпаниясының президенті Питер Фостердің атына үндеу жолдап, дөрекі қарым-қатынас жасағаны үшін халық әртісі Бибігүл Төлегеновадан кешірім сұрауды талап етті, деп хабарлайды Ozgeris.Info тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

3 қыркүйек сағат 10:30-да Астанадан Алматыға ұшатын Air Astana әуекомпаниясының 852-рейсіне  әнші, КСРО халық әртісі және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова қызымен мінген. Желі қолданушысы Лека Савельеваның сөзінше, сол жерде әуекомпания қызметкері әншіге дөрекілік танытқан.

Әуекомпанияның қызметкерлеріне Бибігүл Ахметқызының омыртқасында ауыр ақау бар екені хабарланған. Арбаға таңылған актрисаны қызы ертіп келе жатқанда, оларды кенеттен Air Astana қызметкері тоқтатып, арбадағы жолаушылар бірінші немесе соңғы болып, бәрі өткенше күтуі керек деп айтқан.

«Бибігүл Ахметқызы ұшақ бортына мүгедектер арбасымен жетуі керек еді, содан кейін ол басқа жолаушыларға кедергі жасамай, екінші қатардағы орнына өз бетімен отырғысы келді. Сол кезде жолаушыларға да кедергі жасамай, өзі де күтпей, еш кедергісіз, жылдам жетер еді. Бірақ қызметкер оны бортқа өткізбей қойды», – деді желі белсендісі.

Сөзінше, қызметкер Бибігүл Төлегеновамен дөрекі сөйлесті.

“Қызметкер Төлегенованы танитынын, бірақ ереже бойынша ешкімнің мәртебесі, жасы және лауазымына қарамайтынын айтты. Бастығы кім екенін сұраған кезде, бұл жерде өзі бастық екенін, ал қалған басшылық Алматыда екенін, барлық шағымды сол жаққа айтсын деп айтты”, – деді Лека Савельева.

Савельева Air Astana-дан кешірім сұрап, үлкендерге құрмет көрсетуді үйренуді талап етті.

«Air Astana, сүйікті Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға қатысты жағдайға түсініктемелеріңіз бен кешіріміңізді күтеміз! Әр жолаушы құрмет пен сыйға лайық. Немесе сіздің ережелеріңіз басқа ма? Айтыңызшы, аға ұрпақты осы надандықтан қалай сақтай аламыз? Оларды қалай қорғай аламыз? – деп жазды Лека Савельева.

Әуекомпанияның баспасөз қызметі жағдайға пікір білдірді.

«Халықаралық авиациялық қауіпсіздік ережелеріне сай, мүмкіндігі шектеулі жолаушылар бортқа ең бірініші немесе ең соңғы болып мінеді. Бұл ереже барлық жолаушыны отырғызу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар терминалдан эвакуациялау ережелерімен анықталады. Бізге жеткен мәлімет бойынша, халық әртісі Бибігүл Төлегенова ханым және оның қызы отырғызу басталғаннан кейін келген, сондықтан әуекомпанияның агенті отырғызу аяқталғанша күтуді сұраған. Компания түсініспеушілік болғанына өкінеді және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында бұл іске қосымша тексеру жүргізеді», – деп хабарлады Air Astana.

Постқа Қымбат Хангелдина, Нүркен Әшіров, Төлеген Мұхамеджанов, Нұржан Бажекенов, Елдияр Данияров сынды танымал өнерпаздар пікір білдірді.