Бүгін 1 маусым — Балаларды қорғау күніне орай Алматы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ботаникалық бақта үлкен іс-шара өтті. Кітап көрмесінде жауапты болу маған міндеттелді.
Мемлекет басшысының алдында сөйлеген сөзім төмендегідей:
«Армысыз, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мен, Ержан Жұмабекұлы. «Кітап — білім бұлағы» сайысының қалалық кезеңінде қазылар алқасында төрағалық еткен едім. Балалардың кітап оқуға деген, конкурсқа деген қызығушылықтары мені тәнті етті. Жас буынның Жаңа Қазақстанда өздерін барлық жағынан танытуға мүмкіндіктерінің мол екені қуантады. Осы үрдіс жалғасын тауып, рухани бай балаларымыздың саны көбейе берсін.
Қазақ тілін жоғары дәрежеде насихаттап жүрген көлемді шығармаларға деген көңілі ерекше №187 мектептің 11-ші сынып оқушысы Шут Михаилдың «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтуы мені таңғалдырды.
Михаил мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға өзіндік үлесін қосып жүрген оқушы ретінде өзге балаларға үлгі болары анық. Осындай дарынды жастарды ел алдына көбірек шығарса, басқа оқушылардың кітап оқуға қызығушылықтары тіпті арта түсетініне сенімдімін. Өзіңіз білесіз, руханият бәрінен биік тұрады.
Рұқсатыңызбен Михаилды жырдан үзінді оқып беруге шақырамын.»
Шара барысында Президентімізге балалар әдебиеті мен аударма саласының дамып келе жатқанын, Гарри Поттер де қазақ тілінде сөйлегенін айтып,
Зәуре Төрехан мен Екатерина Ли сияқты жас жазушыларға және Іңкәр, Нұриля, Ернұр және Раяна деген талантты балаларға да тоқталдым. Олар Көшбасшымызға өнерлерін көрсетіп, арман-тілектерін айтты.
Осындай тамаша мерекелік кешті ұйымдастырған Алматы әкімдігіне, әсіресе, қала әкімінің орынбасары Әсем Бекқызына ерекше алғысымды білдіремін!
Ел игілігі үшін аянбай қызмет ете беріңіздер.
Жақсылықта ғана жүздесейік!
Ержан Жұмабекұлы
ақын, сазгер, әнші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Серпер сыйлығының иегері, докторант (Түркияда білім алып жатыр)
Жарайсың Ержан досым, әлі де алар асуларың биік, тек алға! Қаламың ұштала берсін👏👏👏🌺🌺🌺😘😘😘