Қазақстандықтарға 63 жасқа жеткенде ай сайын 350 мың теңге зейнетақы алуға болады. Мұны БЖЗҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Егер зейнетақы қорында 50 миллион теңге жинасаңыз, болашақта ай сайын 350 мың теңге зейнетақы аласыз. Мұнда тұрған күрделі, қиын ештеңе жоқ! Зейнетақы қорында жинақталған сома 6,5%-ға көбейтіледі де, одан ай сайынғы зейнетақы шығарылады. Зейнетақыны мемлекет жыл сайын инфляцияға орай 5%-ға индексациялап тұрады», дейді ол.
Ал енді сөзге қарапайым есеп жүргізейік. Қазақстанда ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Егер осы соманы ай сайын толықтай БЖЗҚ-ға аударып тұрсаңыз, 50 миллионды жинау үшін сізге 49 жыл қажет болады. Бірақ ол үшін тамақтан, баспанадан, киімнен бас тартуыңыз керек. Ал еліміздегі орташа жалақы 403 мың теңге. Бұл соманың барлығын жинаққа салсаңыз, 10 жыл ішінде 50 миллионға жетуге болады. Бірақ кімде-кім 10 жыл бойы аш-жалаңаш өмір сүргісі келеді?
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елдегі 3,4 миллион жұмыс істейтін азаматтың 2,4 миллионы 403 мың теңгеден аз алады. Олардың жартысына жуығы 250 мың теңгеден де аз табыс табады. Мұндай жағдайда зейнетақы жинағы – арман ғана. Қарыз қақпанын сөз қылып тұрған да жоқпыз. Сонда да Мұрат Шәріпов кейбір адамдардың қорға зейнетақы жарналарын тұрақты аударуға мән бермейтініне азынап отыр.
«Болашақ зейнеткерлер өз жинақтарына ғана үміт арта алады. Зейнетақысының көлемі жарналардың сомасы мен тұрақтылығына байланысты болады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың арасында жылына бір-екі жарна аударумен шектелетіні бар. Заң бойынша жарналар ай сайын аударылуға тиіс. Сонда ғана мемлекет жарнаны жұмыс өтілі ретінде есепке алады», деді ол.
Алайда ол бір факторды ескермей кеткен секілді. Зейнеткерлердің зейнетақысы мардымсыз. Наурыз айында зейнетақының орташа мөлшері 143 622 теңге болды. Оның 95 963 теңгесі – мемлекеттік бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақы, ал 47 659 теңгесі – базалық зейнетақы. Ал БЖЗҚ-дан төленетін орташа төлем – небәрі 35 523 теңге. БЖЗҚ өз салымшыларының жинағын инфляциядан қорғай алмайды. Кейінгі 10 жылда қор активтерінің орташа табыстылығы 1,16%-дан аспаған. Ал инфляция 837,99%-ға жетті. Бұл дегеніміз, сіздің жинағыңыз ақша құнын жоғалтуда.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру