Елімізде 21 мамырдан бастап қайтарымсыз грант алуға өтінім қабылдау басталады. Биыл республика бойынша 4 500 адамға 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Ал грант алуға кімдер өтінім бере алады? Өтінім берудің жолдары қандай? Ozgeris.info тілшілері маңызды ақпараттарды топтастырды.
Қайтарымсыз грантты кімдер ала алады?
Қаржылай көмекті жұмыссыздар мен соңғы 3 жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар;
Әлеуметтік осал топтардың біріне жататындар;
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқығандар.
Гранттар келесі бағыттарда қолдану үшін беріледі: қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу.
Өтінім беру тәртібі:
Порталда тіркелу;
грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Егер онлайн өтінім беруге мүмкіндігіңіз болмаса мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарға өтінім Business.enbek.kz порталында онлайн режимде қабылданады.
Есіңізде болсын!
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.