Жақында Павлодар облысында 12 жастағы қыздың босанғаны туралы ақпарат қоғамды дүр сілкіндірді. Облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова бұл жағдайға қатысты деректерді ұсынды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Ол зорланған қыздың ауылына барған. Қазіргі кезде Павлодар облысы Шарбақты ауданы Галкино ауылында тұрып жатыр екен.
«Анасымен сөйлескен кезде бұл отбасы 2019 жылы Қазақстанға Моңғолиядан екі баласымен көшіп келгенін айтты. Қазақстанда бұл отбасында тағы 3 бала дүниеге келген, қазір балалардың анасы 2022 жылы туған сәбиіне қарау үшін демалыста. Анасы оқи да, жаза да алмайды. Ол құжаттарға атын ғана жаза алады. Отағасы 6-сынып бітірген, ешқандай мамандық игермеген. Мектепте уақытша пеш жағушы болып жұмысқа орналасқан. Қазір жұмыс істемейді», — дейді Сәуле Шәкенова.
Отбасының тұрмысы жұпыны. Үйіндегі жиһаздар өте ескі, лампа жоқ, пеші құлағалы тұрғанын байқауға болады.
«Қыздарының аяғы ауыр болуы мүмкін деген ақпаратты ата-анасы 2024 жылдың 3 сәуірінде мектептің мұғалімдерінен естіген. «Сол күні заңды өкілдердің рұқсатымен ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, жүктілік расталған. Қыз дереу дәрігерлердің бақылауымен аудандық ауруханаға жатқызылды, мұнда ол 19 шілдеге дейін болды. Мектеп басшылығы ауруханада оқу жылының соңына дейін оқушыға онлайн оқу ұйымдастырды.
Оқушы 3 жарым ай бойы ауруханада болған кезінде киім, аяқкиім, азық-түлік мектептің педагог құрамының жеке қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі міндет ерте жүктіліктің сәтті нәтижесі болды. Ол салмағы 3360 грамм болатын дені сау қыз бала дүниеге әкелді», — дейді уәкіл.
12 жасында ана атанған оқушы перинаталдық орталықтан шығарылғаннан кейін сәбиімен бірге қайда орналастыны жақын арада анықталады.
Қыздың ата-анасы жыныстық зорлық-зомбылық туралы білмеген, тіпті күдіктенбеген көрінеді.
ПІКІР ЖАЗУ