Жылыой ауданы жастарының өзін-өзі жұмыспен қамтуына жол ашатын жобаның алғашқы кезеңі аяқталды. Ақкиізтоғайдан бастау алған «Шектелме» жобасы «Копирайтинг+SMM», «Таргетинг+SMM», «Графика дизайны» бағыттарын қамтиды. Бұл тегін курстар “Жаңаша” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен “Теңізшевройл” ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында өтіп жатыр, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
«Алғашқы лекпен жұмысты аяқтадық. Жоба негізінен 14-35 жас аралығындағыларға арналған, алайда қатысуға өтініш бергендердің арасында зейнет жасына таяғандар да болды. Жасына қарамай, жаңа білім алуға ынталы боп отырған аға буын жастарымызға үлгі болса дейміз. Бұл жобаның маңызын жастар ғана емес, үлкендердің де ұғынып отырғанына қуанып қалдық«, — дейді қор басшысы Алтынай Серікбай.
Жобаға Ақкиізтоғай ауылдық округі бойынша 38 адам тіркелсе, соның 17 курс мазмұнын меңгергенін растайтын сертификат иеленді. Бұдан бөлек, әр бағыт бойынша жарияланған байқау қорытындыланып, “Үздік жазба”, “Үздік дизайн”, “Үздік парақша” номинациялары бойынша жеңімпаздар табысталды. Бұл жүлделер қор атынан алғашқы тапсырыс ретінде ұсынылды.
«Курсанттар атынан “Жаңаша” қорына, “Теңізшевройл” компаниясына ризашылығымды білдіремін. Мұндай курстардың бағасы өте қымбат, ал біз тегін білім алдық. Енді осының жемісін көріп, табыс тапсақ деген мақсатымыз бар», — дейді курсқа қатысушы Алтынай Бурашева.
Жоба Жылыой ауданының 6 округінде өтеді. Мамырда жаңа мамандықтарға тегін машықтану мүмкіндігі Жем жастарына берілмек.
Әлеуметтік жобаға Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы, Жылыой ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
«Жаңа мамандықтарға баулитын жоба жасақтап, ауыл жастарына ұсынғандарыңызға өте қуаныштымыз. Бұл мүмкіндікті жылыойлықтар 100% пайдаланады деген ойдамыз», — дейді Жылыой ауданының жастар ресурстық орталығының басшысы Алибек Амандықов.
Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Содан бері жалпы сомасы 14 млн АҚШ долларын құрайтын 108 жоба іске асқан.
ПІКІР ЖАЗУ