Қазақстан Республикасының ресми статистикасына сәйкес, мемлекеттік сектор мен бизнес саласы тәуелсіздік жылдарында 138 млн тоннаға жуық қауіпті және 320 млн тонна қауіпті емес қалдықтар жинаған.
Қауіптілердің ішіндегі ең алғашқы бестікке:
- Күл мен күл қалдықтары (22,8 млн тонна)
- Құс тезегі (1,3 млн тонна)
- Бұрғылық қалдықтар (212 тонна)
- Доңыз қоймалжыңы (143 млн тонна)
- Мұнай қалдықтары (103 мың тонна) кіреді.
— Бұндай көлемді көз алдыңа елестетудің өзі қиын! 1 миллион 300 мың құс тезегі дегенді ойлап көріңіз! Бұл қоқыстан тұрғызылған тау іспеттес, белсенді түрде метан мен өзге де газдарды бөледі. Бұны қолға алмаса, салдары нағыз апатқа алып келеді», — деп мәлімдеді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы «Қоршаған ортаны қорғау бойынша ақпараттық-сараптамалық орталығы, — РММ бас директоры Жанат Самат.
Экологиялық ақпараттық-сараптамалық орталықтың жетекшісінің сөзі бойынша, бұл мәліметтер – ресми статистика. Ол табиғи ресурстарды қолданушылардың есебі негізінде құрылады. Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, оларды «операторлар» деп атайды.
— 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР жаңа Экологиялық кодексіне (384 бап) сәйкес, қоршаған ортаға қандай да бір зиян келтіретін барлық субъектілер жыл сайын қалдықтардың инвентаризациясы бойынша есеп беруге міндеттеледі. Соның негізінде барлық өңірлер мен экономикалық қызмет түрлерінен республика бойынша толық статистика жасалады, — деп түсіндірді сарапшы.
Қалдықтардың халықаралық классификациясы дегеніміз қоқысты қауіпті және қауіпті емес деп екі топқа бөлуді білдіреді. Заңды полигондар мен санкцияланбаған қоқыс орындарының арасындағы айырмашылық та осы іспеттес. Санитарлық және өзге де стандарттарды қанша жерден ұстанғанымызбен, бұл қалдықтар ресми полигонда болсын, стихиялы қоқыс орнында болсын, ерте ме, кеш пе ыдырай бастайды.
Шындығында, 3 мыңнан астам заңды полигондардың тек бестен бірі барлық ережелер мен нормаларға сай келеді. Қауіпсіздік деңгейі бойынша, сұрыптаудан өтетін, уақытылы жойылатын үлгілі полигондар Нұр-Сұлтан қаласында деп есептелгенмен, ол осындай деңгейдегі бүкіл елдегі жалғыз полигон болуы да ықтимал.
— Цифрлы картада жасыл желектердің арасында жүздеген аппақ дақтар айқын көрінеді. Жақындатып қарасаңыз, жем-шөп өспейтін, қоқыспен әбден кеуіп кеткен стихиялы қоқыс орындары космостан да көрінеді,- дейді Жанат Самат.
Орталық басшысының айтуынша, соңғы жылдары еліміздегі қалдықтарды меңгеру саласы жүйеленіп келеді.
— Экология министрлігі өте көлемді жұмыс атқаруда. Бұл мәліметтердің барлығы геосервис арқылы жиналады, облыстардағы департаменттер қызметкерлері қоқыс орындарына барып, пікірлер қалдырып, фото-видео деректер жинайды. Одан кейін атқарушы органдар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.
Жасалған жұмыс аз емес, бірақ жасалу керек жұмыс одан да көп. Дамыған елдердегі сияқты қалдықтардың иерархиясын енгізер болсақ, біз, қазақстандықтар, қалдықтарды сұрыптауды үйде бастауымыз керек.
Бұндай тәсіл қалдықтарды меңгеруді біршама оңайлатар еді: қоқыс компаниялары қайта өңдеуге, тыңайтуға жіберуге не энергетикалық утилизациялауға жіберерін бірден білер еді. Алайда, ауру қалса да, әдет қалмайды емес пе? Және де елімізде санкцияланбаған он мыңдаған қоқыс орындарын кім толтырды?
— Тығырықтан шығар жол біреу ғана – қоқыс орындарын қалпына келтіріп, қайта жаратуға бейімдеу. Әйтпесе, жер бетіндегі тіршіліктің жойылу қаупі басым. Бірден болмаса да, бұл орындарда кейін жасыл желек қайта өсе бастайды. Қазақстанда қалдықтар төгілген жерлер толықтай жойылмайынша бұл жұмыс ешқашан тоқтамауы керек!
ПІКІР ЖАЗУ