Танымал әнші Ақбота Керімбекова марапатталып жатқан әріптестеріне сын тақты. Өзінің атақ алмау себебін «үкімет үшін әндетіп жүргенім жоқ» түсіндірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әнші желідегі парақшасында атақ алған өнер иелеріне жазба арнады.
«Жер-жерде шүлен тарату басталды. Құдай-ау, не деген атақтар анау?! «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет», «Парасат», «Даңқ». Қазақта сөлкебайға телінбеген сұмдық сөздер қалды ма екен өзі?! Жылына осы атақтарды бәлен жүз адам алады екен. Ала берсін. Бірақ мемлекет жағдайы сонша ерен еңбек жасалынғанға ұқсай ма?! – дейді ол.
Шындықты айтқаны үшін әріптестеріне «көре алмай отыр» деп ойлап қалмасын дейді Керімбекова.
«Үйдегілер кейде сұрап қалады «Әндетіп жүргеніңізге 30 жыл, мынадай мыңғырған атақтың біреуі сізге берілмей ме?» дейді. «Ай, айналайындар-ай, үкімет үшін әндетіп жүргенім жоқ. Үкімет те өзі үшін ән салмайтындарға бермейтін шығар?! Одан кейін атақтарды түгел алып шыққан кейбір адамдармен мені қатар қойып, халықтың алдына шығарса, халық бір де бір мемлекеттік атағы жоқ мені танып, құрметтеп кетуі мүмкін. Нағыз бақыт – сол» деп құтыламын. Ойым дұрыс шығар деп ойлаймын. Тағы шындығым үшін «көре алмай отыр» демесе екен. Айтпақшы, қазақ тарихынан да маңызды боп тұрған қазақ Tik-Tok-ындағы легендалары неге алмаған? Неге бермейсіңдер?! Көре алмай жүрсіңдер ме? – деп сынға алды Ақбота Керімбекова.
Ақпарат qazaq.today сайтынан алынған.
ПІКІР ЖАЗУ