Тұрғын үй есігі енді бәріне ашық

2025 жылдың 24 мамырынан бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұрудың ережесі өзгереді. Бұл жолы – шынымен өзгереді. Бұрын тек көпбалалы, мүгедек, жетім деп таңдалған санаттарға ғана мүмкіндік берілсе, енді «сен мына санаттан емессің» деген шектеу жойылады. Яғни, баспаналы болғысы келетін кез келген қазақстандыққа кезекке тұру құқығы беріледі, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұл жүйенің басты жаңалығы – тең мүмкіндік. Енді 18 жасқа толған Қазақстан азаматы (қосымша: қандастар мен жетім балалардың өкілдері) тұрақты тіркеуі бар қалада кезекке онлайн тұра алады. Бастысы – кейінгі 5 жылда өз атына тіркелген үйі болмауы керек. Тұрғын үйі бар болғанның өзінде, егер ол апатты деп танылса, азамат кезекке тұра алады. Бірақ бұл талап тек сол үй орналасқан қалаға ғана қатысты. Жетім балалар үшін тіркеу мерзімі (3 жыл) талап етілмейді.

Жүйе не ұсынады? Кезекке тұрған азамат:
– Мемлекеттік жалға берілетін пәтер алуы мүмкін (мерзімі шектелмеген),
– Сатып алу құқығымен жалға алу мүмкіндігіне ие болады,
– Немесе 2%, 5% не 9% жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға қатыса алады.

Барлық үдеріс – электронды. Ашық. Қағазбастылық жоқ. Қабылданған өтініш пен кезек барысы kezekte.kz порталында нақты көрініп тұрады.

Бірақ бәрі бірдей өте бермейді. Кезінде үй сатып алғандар, бұрын мемлекеттен пәтер алғандар немесе мәліметтерінде жалғандық анықталғандар бұл тізімге кірмейді. Апатты үйде тұрып, бірақ өтінішті басқа қаладан бергендерге де жол жабық.

Қазір не істеу керек? Ең алдымен kezekte.kz сайтынан мәртебеңізді тексеріңіз. Қажетті құжаттарды, әсіресе апатты үй туралы техникалық қорытындыны алдын ала дайындап қойыңыз. Тіркеу мерзіміңіз (кемінде 3 жыл) сәйкес келуін қадағалаңыз.

Баспана – бұрын тек белгілі топтарға ғана тиесілі мүмкіндік секілді көрінетін. Енді ол – бәріне ортақ алаңға айналмақ. Ендігі қадам – әр азаматтың өз қолында. Жүйе әділетті жұмыс істей ме, жоқ па – оны да бірге көрейік.