ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚЗСИ) Президент Тоқаевтың үш жылдыққа жоспарланған саяси реформаларын талқылаған жиын өтті. Оған Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Ермұрат Бапи, Никита Шаталов, Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова, ҚЗСИ басшылығы мен саясаттанушылар қатысып, ой бөлісіпті.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 2015-2019 жылдары Қазақстанның экономикалық дамудың шегіне жеткенін айтып:
«Ол кезге дейін өсуді қамтамасыз ететін әлеуетіміз болмады. Халық саны 5 миллионға өсті, бірақ бізде осы 5 миллион азаматты бойына сіңіріп, әлеуметтік жеңілдіктер жасай алатын экономика болмады. Қалай болғанда да, біз әлеуметтік-саяси реформаларға келер едік. Сол кездің өзінде-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» кейбір институттары іске қосылды, олардың міндеттеріне үкіметті, оның органдарын болатын өзгерістерге дайындау, түзету кірді», — дейді.
РЕПЛИКА: Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси реформалар қоғам өмірінде өз жемісін бере бастағаны шындық. Оның жарқын мысалы: Конституцияның үштен бірі жаңарды, Қазақстанның қазына-байлығы халықтың меншігі деп танылды, Президент өкілеттігі, Парламент пен Үкіметтің құық-құзыреттері өзгертілді, билік институттары, соның ішінде Мемлекеттік басқару жүйесі толықтай жаңғырды. Еліміздің негізгі заң щығарушы органы – Парламент шын сипатында көп партиялы органға айналды. Азаматтық қоғамның іргесі бекемделіп жатыр. Президент Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, жаңа экономикалық бағдар ұсынды.
Бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізгелі бері елеулі өзгерістер орын алуда. Атап айтар болсақ: Митинг өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жазылған заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды, петиция заңы қабылданды.
Осы санатқа ауыл-аудан әкімдерін сайлау туралы бастаманы да қосуға болады. Қазірге дейін 45 аудан мен қала әкімдерінің пилоттық сайлауы өткізілді.
Тағы бір маңызды мәселе: Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылды, бұл азаматтарға өз құқықтары бұзылған жағдайда тікелей сотқа жүгіну мүмкіндігін берді.
Саяси реформалардың қатарына Ұлттық құрылтайдың билік пен халық арасындағы көпірге айналғанын жатқызуға болады.
ТҮЙІН: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 2022 жылғы наурыздағы жолдауында: «Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім», — деп айтқан еді.
Қазіргі басты өзгеріс – халық өз ойын ашық айтып, билікке араласуында. Осы күнге дейін саясатты билік пен олигархтар «кеңесіп пішті». Енді бұл ортаға халық кірді. Демократияның дәлелі бұл. Әйткенмен, ескі жүйе билігін қолдан бергісі келмейді. Орайы келсе, жон арқадан жонғысы-ақ кеп тұр. Сондықтан да Президент: «Саяси модернизация жасамай, экономикалық реформа жүргізу мүмкін емес», — дегенді айтты.
«Жалпы, былай қарап тұрсақ, 3 жыл ішінде расымен де біршама жақсы өзгерістер болды. Алдағы жылдары бұл жақсы үрдіс тек жалғасын тауып, өміріміздің барлық салаларында оң реформалар жүзеге асып, халқымыздың өмір сүру деңгейі айтарлықтай жоғарылайды деген үміттеміз. Ал ол үшін осындай қорытындылау, талдау шаралары өтіп тұру маңызды деп санаймын», — деді Айбар Олжаев.
ПІКІР ЖАЗУ