Түркістан облысында 50-ден астам пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұры түсіп, шкаф ішінде тұрған алтын бұйымдары мен бір млн теңгеден астам ақшасын жымқырған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі үш млн теңгеден асады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, пәтер тонаумен айналысқан белгісіз адамды іздеуге және ұстауға кіріскен.
– Біздер, яғни Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Қазығұрт АПБ полицейлері Түркістан облысының бірнеше ауданында жасалған 50-ден астам пәтер ұрлығына қатысы бар үй ұрысын ұстадық. Анықтауымызша, күдікті жас жігіт үйлердің пластик терезесін бұзып ашып, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды жымқырған. Және ұрланған бөтеннің мүлкін Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған, – деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Қ.Сахов.
Осы қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД КПБ-ның тәжірибелі жедел уәкілдері мен қазығұрттық полицейлерден жедел-тергеу тобын құрылды.
– Пәтер ұрысын ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шараларын іске асырдық. Қылмысты ашу бағытындағы арнайы іс-шаралар жүргізілді. Куәлардан жауап алынып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстары атқарылды. Осылайша түркістандық тәртіп сақшыларының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде, күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын пәтер ұрлығымен сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Яғни, күдікті өзінің бұрынғы соттылығына қарамастан, қайта қылмысқа барған. Үйреніп қалған теріс әрекетін жалғастырған ұры Түркістан облысының Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында соңғы үш жыл, яғни 2020, 2021, 2022 жылдар аралығында 50-ден астам үйге ұрлыққа түскенін мойындады. Оңай жолмен олжалы боламын деп ойлаған күдікті аталған аудандарға түнгі уақытта барып, ешкім жоқ үйлерге терезесін бұзып кіргені анықталып отыр. Содан тек алтын мен ақшаларды қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Айғақты зат ретінде ұрланған алтындардың бір бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Полиция күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын және оның сыбайластарының бар-жоғын анықтайды, – деп брифингте атап өтті Қ. Сахов.
ПІКІР ЖАЗУ