«Тұлға бол» жылжымалы жәрмеңке және кеңес беру автобусы Көкшетау қаласында бастау алды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру және кеңес беру — жас мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды. Себебі жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеп келген азаматтар мамандықтары бойынша жұмысқа тұруына мүмкіндік туғызады. Жастар ресурстық орталықтар қызметінің негізгі мақсаты жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету, жастарды жұмыспен қамту, орталықтар үшін басты назарда тұр.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында жылжымалы жәрмеңкелер ұйымдастыру арқылы әрбір аудан және қалалық жерде орналасқан колледж, мектеп бітіруші түлектер, жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу, мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпаратты насихаттау, тиісті консультациялық көмекті көрсету мақсатында «TULGA BOL» атты жылжымалы жәрмеңке және консультациялар автобусы жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінгі күні, Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы «РИО» сауда орталығында бастау алған аталмыш жоба, алдағы уақытта облыс бойынша 14 аудан мен қалаларды аралау жоспарға қойды.
«Бүгін біз, «РИО» сауда орталығында аталған жобаны бастадық. Шараға «Отбасы банк» АҚ, Көкшетау қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ және ұйымдастырушы тарапынан мамандар қатысты. Жастардың көпшілігі қала бойынша жаз мезгілінде қандай бос жұмыс орындар және қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екені жөнінде сұрақтар қойды. Аталмыш шараны өткізуге жәрдемскені үшін сауда орталығының басшылығына алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, дәл осы жобаны іске асыру мақсатында алда Атбасар ауданына сапарға шыққалы жатырмыз» — деп, «NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау және кеңес беру» бөлімінің басшысы Мақпал Жанарисова өз сөзінде тоқталып кетті.
Жастардың еңбекке деген ұмтылысы қуантарлық жағдай. Өз елінің көркеюі үшін аянбай адал қызмет еткен жас ұрпақ — ертеңгі мемлекетіміздің гүлденуіне себепші болары сөзсіз.
ПІКІР ЖАЗУ