Санкциялық қақтығыстар әлемдік экономикаға айтарлықтай залалын келтіреді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитінде санкциялық қақтығыстарға байланысты әлемдік экономикаға келген залал туралы айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Санкциялық қақтығыстар әлемдік экономикаға айтарлықтай зиян келтіреді, одан әрі даму перспективаларын тарылтады. Мұндай жағдайда біз оң динамиканы сақтауға және әлеуетті арттыруға бағытталған сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың неғұрлым икемді стратегиясын құруымыз керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ШЫҰ мемлекеттерінің жаһандық ЖІӨ-дегі үлесі 30 пайызды құрайтынын және бүгінгі таңда қатысушы елдердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асатынын, бұл бүкіл әлемдік сауданың төрттен бір бөлігіне тең екенін атап өтті.

«ШЫҰ мемлекеттерінің есебінен болып жатқан Азияның жаңа тарихи экономикалық өрлеуі бүкіл жаһандық экономика үшін тұрақтандырушы фактор екенін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ елдерінің өзінің ауқымды нарығына қолжетімділігін кеңейту және тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптайды», — деді Президент.

Еске салайық, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясындағы «ШЫҰ+» кездесуі басталды.

Кездесуге Ұйымға мүше 10 мемлекеттің басшысымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БАӘ Жоғары федералдық кеңесінің мүшесі, Рас-әл-Хайма әмірлігінің билеушісі Сауд ибн Сакр әл-Касими, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Моңғолия Президенті Ухнаагийна Хурэлсуха, Президент Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қатысуда.