Сарапшылардың пікірінше, елімізде екі өзекті мәселе бар. Біріншісі, мемлекеттік тілдің жеткілікті деңгейде қолданылмауы , екіншісі — ғылымның әлсіз базасы. Бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты, себебі тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол білім, мәдениет пен ұлттық болмысты жеткізудің тетігі.
Ozgeris.info тілшісі тәуелсіз сарапшының пікірін негізге ала отырып, тақырыпты зерттеп көрді.
Ұлттық ойлаудың айнасы — ғылыми тіл
Бүгінде әлемдік ғылыми орта ағылшын тіліне тәуелді. Бұл, әрине, халықаралық байланыс пен ақпарат алмасуды жеңілдеткенімен, ұлттық ғылыми дискурстың бәсекеге қабілеттілігін әлсіретеді. Ғылым тек тіл арқылы ғана емес, сол тілде қалыптасқан дүниетаным, құндылықтар мен ұғымдар жүйесі арқылы дамиды.
«Қазақ тілі терең философиялық, көркем әрі мағыналық әлеуеті зор тіл. Онда басқа тілдерге дәл аудармасы жоқ ұғымдар, бейнелер мен тұжырымдар бар. Мысалы, «аманат», «парыз», «сауап» сынды ұғымдар ғылыми этика мен жауапкершілік тақырыптарын тереңірек қозғауға мүмкіндік береді», — дейді маман Дәулет Жамбайбеков.
Сарапшы қазақ тілінде ғылыми орта қалыптастыру бізге не беретінін де атап өтті. Айтуынша, қоғам мен ғылым арасындағы байланыс нығаяды. Тілге деген сұраныс артып, ғылым халыққа жақындай түседі. Сондай-ақ бірегей ғылыми терминология түзіледі. Бұл – отандық ғылымды өзіндік сипатқа ие етеді.
«Технологияны қорғаудың жаңа тәсілі пайда болады. Сирек қолданылатын тілде жасалған ғылыми ақпарат автоматты аударуға қиындық тудырып, интеллектуалдық меншікті қорғауға сеп болады. Тілдің мәдени коды ғылымға енеді. Бұл ғылымның терең, контекстуалды дамуына жол ашады», — деді ол.
Басқа елдердің тәжірибесі
Әлем елдері де ғылым мен тілді ажырамас құндылық ретінде қарастырады:
- Франция – ғылыми еңбектердің француз тілінде жазылуын заңмен қолдап, қаржылай ынталандырады.
- Германия – XIX ғасырда неміс тілінде мықты ғылыми мектептер қалыптастырды.
- Жапония – ана тілінде күрделі ғылыми мәтіндер жазып, ұлттық терминологияны жүйелі дамытып келеді.
- Қытай – ғылымды қытай тілінде дамытып, мәдени ұғымдарды техникалық терминдермен біріктіріп келеді.
Ғылым – ұлттың интеллект коды
Тілді ғылым тіліне айналдыру – ұлттың зияткерлік егемендігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Бұл – жай ғана аударма мәселесі емес, бұл – ұлттық дүниетанымды ғылыми тілді құраушы элементке айналдыру. Қазақ тілінің құрылымы мен сөз байлығы ғылымның әртүрлі салаларында жаңаша түсініктер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қазақ тіліндегі ғылыми деректер – жасанды интеллект жүйелерін үйрету үшін бірегей қор бола алады. Бұл Қазақстанға болашақта ЖИ саласында да бәсекеге қабілетті болуға жол ашады.
Тілді ғылым тіліне айналдыру тек тіл саясаты емес, бұл – ұлттың болашағына салынатын инвестиция. Қазақ тілінің мәдени коды мен ғылыми әлеуетін біріктіре отырып, біз тек ғылымды ғана емес, ұлттық егемендігімізді де қорғауға қадам жасаймыз дейді сарапшы.
«Мемлекеттік тілді оның мәдени коды негізінде қолданып, ғылымды дамыту – елдің ғылыми және технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге ықпал ете алады», — деп түйіндеді маман.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру