Қоғам

Пойыздарда ішімдік ішу неге тыйылмай тұр

Қазақстан Темір Жолы жолаушылар тасымалы күнін әрең көріп жүр. Есесіне вагон-мейрамханасында ішімдіктің түр-түрі сатылып жатыр. Бағалары удай болса да, көңілін көтергісі келетін жолаушылар да жеткілікті.

Joldar KZ арнасының авторы Азамат Ерғалиев осы сұрақты көтеріп, жолаушыларға ішімдік сату және ішудің тыйылмай тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

«Астана-Өскемен» пойызындағы мейрамхана-вагонда келе жатырмыз. Ішімдікке тойып алған жолаушылар алдымен жас жігіттің бет-әлпетіне тиісе бастады, артынша қасында серігі бар қызға жабыса бастады. Осындай жолаушылардың ерсі қылығына себеп – ішімдік. Мәзірін ашып қарасам алкогольді сусындардың барлық түрі бар. ҚТЖ жолаушыларды ішімдікке тойдырып, кейін бұзақылық қайдан шығады деп таң қалады», - дейді автор.

Азамат Ерғалиев пойыздарда, кез-келген жолаушы тасымалдаушы көліктерде ішімдікті сатуға шектеу қою керектігін ұсынды.  Себебі біздің халық ішімдік іше алмайды дейді автор.

Әлде теміржол басшылығы ішімдіктің салдарынан зардап шеккендердің қатарының көбейгенін күтіп отыр ма?

«Пойыз басшылығы мас азаматтардың қоғамдық тәртіпті бұзбауын жеке өзі қадағалайтынын айтты. Бірақ  бұл оның міндеті ме? Ішімдік ішкендерге қарап отыру оған керек пе? Алкогольді сусындарға шектеу енгізу керек. Болды», - деді Азамат Ерғалиев.

Барлық жаңалық