Құнанбай жолы

Құнанбай қажы Өскенбайұлы – 1804 жылы Шыңғыстаудың бөктерінде Ақшоқы қыстауындағы Өскенбай бидің шаңырағында дүниеге келген. Яғни, тышқан жылы. Бір қызығы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің деректеріне сүйенсек, қажы қой жылында туған екен.

Анасы – Зере. 1785 жылы туған. Өскенбай бидің бәйбішесі. Азан шақырып қойған есімі – Тоқбала. Өскенбай би 5 әйелінен 10 бала сүйген екен. Зереден – Құттымұхамбет (жасында дүниеден озған), Құнанбай, Тайбала атты 3 сәби дүниеге келеді. Зере ананы Ырғызбай жұрты, барша ауыл адамдары «кәрі ана» деп атаған көрінеді. Көз көрген замандастары Зере ананы: «өте сөзге шешен, қисса-дастандарды жатқа білетін, әңгіменің ажарын келтіретін жан еді» деп сипаттайды. Әуезов өз естелігінде «…Зере мінезге бай, таза жанды, жылы шырайлы, байсалды адам болған; бір жағынан, ол кісі өзін семья ішінде өктем, артықша адам санапты. Оның жөні де бар: Зере бір кезде бес әйелдің бірі болғандықтан, өз баласының төрт әйелінің бірі Ұлжанның жайын жақсы ұғып, келінінің көп реттерде шарасыз, мүскін қалпын ақылды, табиғатында адамгершілігі мол сезімтал әже аянышпен қабылдапты» [7,111 б].Осындай мейірімді дана анадан қалайша Құнанбайдай бала туылмасын?! Кейбір деректер бойынша кемеңгер ана 88 жасында дүние салған екен.
Әкесі – Өскенбай Ырғызбаев. Жастайынан зерек, есті болып өседі. Кеңгірбай би Ырғызбай жастай қайтыс болған соң, інісінің орнына осы баласы Өскенбайды сүйеніш еткен-ді. Қартайған кезінде жол өз баласы Ералынікі болса да, батасын беріп, Өскенбайды би сайлапты деген деректер айтылып қалып жатады. Ел аузында:«Ісің адал болса, Өскенбайға бар» деген сөз осының айғағы болса керек. Өскенбайдың дүние салуы жайлы Мәшһүр-Жүсіп атамыз да өз жазбасында: «Құнанбай Өскенбайдан өзі жалқы. Әкесі Өскенбай қыс күнінде өлген. Онда қазақтың киіз үйімен қыстан шығатұғын күні. Әкесі Өскенбай дүйсенбі күні өлген. «Келер дүйсенбі жаназасы!» — деп, кісі аттандырған. Жаназашыға арнап жетпіс үй тіктірген. Сол үйлерге кірген жандардың күтулі болғаны сондай: бір үй бір үйден керек қылып көмір де сұрап алмаған. Жаназаға жиылған жан басына бір-бір кез жыртыс бердірген: «Жайнамаз қылып алсын!» — деп. Өзге шығарған малдан бөлек, «Жаназақы» — деп, төр түйе байлаған» [12, 259 б] деген фактілерді алға тартады. Адалдығымен, еліне деген сүйіспеншілігі арқасында бұқара халықтың қошеметіне бөленген Өскенбай қарт 1850 жылы 72 жасында қайтыс болған екен.
Құнанбай қажының бір бойында астасып жатқан өнері, қайраткерлігі, шешендігі, ақындығы, данышпандығы тектілер тұқымының жалғасы екендігін айқын аңғартып береді. Қажы жасынан жауырыны жерге тимеген балуан, найзагер және қатал да әрі әділдігі арқасында әкесі Өскенбай бидің ел билеу ісіне араласады. 1834 жылы әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына сайланып 1856 жылға дейін билік жүргізуіне тізгін береді. Халықтың игі істері үшін жанын аямай қызмет етуімен қатар иман жолында, Алла жолында көптеген сауабты істердің басын қайырады.
Сөзіміздің жалғасы ретінде Құнанбай Өскенбайұлының өлеңдерін ұсынамыз!

*****
Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты.

Ғалымның хаты өлмейді

Құнанбай қажының тұла бойында астасып жатқан көп қасиетінің бірегейі – оның нақыл сөздерінде, аузымен құс тістеген шешендігінде. Иә, Құнекең талай қара тілді сөзшеңдердің өзін жырмен түйреген. Оның бір мысалы: Мәшһүр Жүсіптің әпсаналарына сүйенсек, қажы нағыз суырыпсалманың семсері, нағыз от ауызды, орақ тілді шешен, сен тұр мен айтайынның өзі болған. Ел аузында: Балта ақын өзінің бір немере қарындасын алып қашып, үйленіп Құнанбайдың үйіне кіріп барғанында Құнекең Балтаға қарап:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Қарындасын қатын қып алып қашып,
Ел аралап жүреді-ау, арсыз мұндар.
деп, – Балтаны семсердей жауһар сөзімен сергелдеңге салған көрінеді.
Сонымен қатар, белгілі Құнанбайтанушы Бейбіт Сапаралының еңбегінде Құнанбай айтты деген бірнеше жолдар берілген. Зерттеуші қажының бұл өлеңдеріне «Жұлдыз» №6, 1987-жыл, 197-198 бет деп, сілтеме берген. Соларға зер салып көрелік:

Шаруаң оңына айналғанда:
Мінген атың жүреген болады,
Асыраған итің үреген болады.
Қатының қадірлі болады,
Қызың ажарлы болады,
Малың базарлы болады,
Ұлың білімді болады.
Құлың сенімді болады.
Шаруаң солға айналғанда:
Мінген атың шабан болады,
Асыраған итің жаман болады,
Қатының сараң болады,
Қызың ажарсыз болады,
Малың базарсыз болады,
Шөбің шығымсыз болады,
Малың жұғымсыз болады.
Ұлың білімсіз болады,
Құлың сенімсіз болады.

***

Бұл дүниенің баласы,
Алды-артыңа қарашы.
Ата-анаңның ақылы
Қазылған қара жолмен тең.
Ағайының көп болса,
Ұлы әскер қолмен тең.
Қарсы келген кәрілік
Жайып қойған тормен тең.
Жақсының бәрі сұм болса,
Қазып қойған көрмен тең.
Орнын білмес жаманға,
Есік те болса төрмен тең.
Жаттан болса алғаның
Маңдайға біткен сормен тең.
Жақсы ағаң бар болса,
Алдыңда асу – белмен тең.
Жаманға айтқан ақылың,
Соғып өткен желмен тең
Қайғы ойлаған жаманның
Алды тұйық жармен тең.
Байларда қайыр жоқ болса,
Шөпті, сусыз шөлмен тең.
Саясы жоқ бәйтерек
Сазға біткен талмен тең.
Қайырып салса ақ сұңқар,
Қаз ілмесе қарғамен тең.
Жақсылардан сабақ ал,
Алуа, шекер, балмен тең.
Пайдасыз байға жалынба,
Асау семіз малмен тең.
Жетесі жаман бозбала
Қатын алса қай күні
Қадам шықпас үйінен,
Тоқсанға келген шалмен тең.
Еліңде болса жомарт бай
Қарындағы маймен тең.
Кей адамның мінезі –
Жарлы да болса баймен тең.
Кей адамның баласы –
Ақылы болса данасы,
Көкірегі саналы
Бұлтсыз туған аймен тең.
Кей адамның баласы –
Бойында ақылы болмаса,
Ербиіп тұрған бір байғұс,
Өлі жүнді таймен тең.
Жүрген жері жақсының,
Күнде базар, мереке,
Күндіз-түні қой сойып,
Ат шаптырған тоймен тең.
Көп жаманның ішінде
Бір жақсысы болмаса,
Қарап тұрсаң қалпына
Серкесі жоқ қоймен тең.
Білген кісі азар ма,
Тәубесінен жазар ма,
Білгенін түзу кім айтса,
Оның өзі мұңмен тең.

****
Өсиетім байларға:
Көп қуанба малдарға,
Кетеріне келгенде
Киімнен жуған кірмен тең.
Жақсының айтқан ақылы
Гауһар шырақ-шаммен тең.
Жақсының берген үлгісі.
Сарғая атқан таңмен тең,
Жамандар тыныш жүрмейді,
Айтар сөзін білмейді,
Ұлық алдына келгенде
Ажалы жеткен аңмен тең.
Алыс пенен жақынның
Таразысын тең тартса,
Қара да басы ханмен тең.
Бір адамды қор тұтып,
Бір адамды зор тұтып,
Төреге берген қазы бар
Арам өлген малмен тең.
Атадан жақсы ұл туса,
Айналасыз бір туса,
Жақсыны жалғыз демеңіз
Бір топ туса онмен тең,
Он боп туса жүзбен тең.
Жүз боп туса мыңмен тең.
Атадан жаман ұл туса,
Айналасы мың туса,
Мың да болса жүзбен тең,
Жүз де болса онмен тең,
Оң боп туса бірмен тең.
Атадан жақсы қыз туса,
Бір болғанмен онмен тең,
Он боп туса жүзбен тең,
Замандасын құрметтер,
Қыз да болса ұлмен тең.
Атадан жаман қыз туса,
Жамандықты көп қуса,
Есіктегі күңмен тең.
Балдан тәтті ғазиз жан,
Бір күні шіріп қалар тән.
Шыбын жанның шығуы,
Батып кеткен күнмен тең.

****
Әлбетте, Құнанбай қажы туралы не айтсақта ұлы Абайдан асырып айта алмасымыз анық. Шындығына келсек, Абай да, Шәкәрім де Құнанбайдың салған тағылымның арқасында ұлттық болмыс бітім мен рухани жаңашылдықтың негізін қалады. Бала Абайдың, дана Абай болып қалыптасуына Құнанбайдың сара жолы мен дара даңғылы, мейірім-шафқаты орасан екендігін ел білсе дейміз. Құнанбайдың дариядай парасатының өзі бала Абайдың жанында «аспанмен пара-пар таудай емес пе?» Биікке мықтап, мінбелеп тұрған сол тау әманда көркімен баурайындағыларды өзіне тартып тұрады. Адамзатта сол биік шыңға қарап, биіктеп бірте-бірте дамылдап бой түзейді. Ойымызды қаңтара келе айтпағымыз:Қарамықтың дәні болғанша,
Бидайдың сабаны бол.
Жаман қауымның жақсысы болғанша,
Жақсы қауымның жаманы бол.

Иә, бұл — Абай хакімнің ұлы ұстанымы. Әке Құнанбай берген тәрбие. Тәмам!

Әзімхан ИСАБЕК,
әдебиетші, ғалым.

 

Ескерту: Бұл материал әдебиетші Әзімхан Исабектің «Құнанбай жолы» мақаласынан үзінді ретінде алынды.