Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызмет: қағидаттар мен құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Академиялық конференция көрнекті ғалымдардың, магистранттар мен докторанттардың мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару туралы озық идеяларын талқылау және ілгерілету, сондай-ақ жас зерттеушілердің өз қабілетін іске асыруы және проблемаларды шешуге қатысуы үшін сараптамалық алаңды қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.
Конференция ЖТН BR18574203 «Мемлекеттік қызметті дамыту процестерін ғылыми-әдіснамалық негіздеу және Жаңа Қазақстанды құру аясында мемлекеттік органдардың қызметін трансформациялау» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткізілді.
Халықаралық шара барысында вице-ректор Маргарита Қадырова мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың қазіргі бағдарламаларын талдаудың нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың кадр қызметтері басшыларына жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде басшылар мен орындаушылар үшін «Қызметтерді тұтынушыға бағдарлау және оны ақпараттандыру» тақырыбында құзыреттілікті арттыру бойынша біліктілік арттыру семинарлары бағдарламаларының жобалары әзірленді. Бұл жобалар мемлекеттік қызметшілерді даярлау мен қайта даярлау және біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларына енгізу үшін ұсынылады.
«Мемлекеттік қызметті қалыптастыру тұрақты, ерікті негізде жалғасуы керек. Өз кезегінде, қоғамдық бақылаудың әлеуметтік негізін сақтаудың маңызды шарты азаматтық сананы анықтайтын нормалар мен құндылықтарды үнемі жетілдіру болып табылады. Қазіргі уақытта тек әлеуметтік қатысу ғана емес, сонымен қатар халық топтары мен қоғамдық бірлестіктердің әлеуметтік мүдделерді білдіру және бекіту мүмкіндігі де ерекше өзекті мәселе болып қала береді. Нәтижелер сараптамасы мемлекеттік қызметшілердің 40%-дан астамы мемлекеттік қызметшілерге ең қажетті келесі құзыреттерді анықтағанын көрсетті: этикалық нормалар мен қағидаттарды сақтау, тиімділік, қызметті басқару, ынтымақтастық, тәуелсіздік және шешім қабылдау дағдылары, сондай-ақ ұжымды басқару», – деді жоба сарапшысы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Алтын Есіркепова.
Басқару институтының профессоры Ане Тынышпаеваның ойынша, мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан алғанда әлеуметтік топ белгілеріне ие, мысалы: ортақ мақсатпен біріктірілген, қоғамға қызмет ету, әлеуметтік маңызды істерді жүзеге асыру, басқа әлеуметтік топтардың жүйелі талаптары, қызметтік міндеттерін жоғары деңгейде орындауға қатысты қоғамның күтілімі және өз қызметінде моральдық-этикалық талаптарды сақтау.
Өз кезегінде Академияның Қолданбалы зерттеулер институтының директоры Айгүл Көшербаева мемлекеттік басқарудың заманауи моделін қалыптастырудың және мемлекеттік қызметті реформалаудың жалпыға бірдей ұмтылыс сипатына ие бес негізгі тәсілі бар екенін атап өтті. Бұл тәсілдер халықаралық қоғамдастық мойындаған және осы салалардағы халықаралық ұйымдардың саясатының әдіснамалық негізі ретінде пайдаланылады. Оларға мыналар жатады:
1. «Ашық үкіметтің» транспаренттілік, үкіметтің есеп беруі және басқаруға мүдделі тараптардың қатысуы сияқты негізгі принциптерін енгізу.
2.Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бюрократиясыздандыру және ақпараттандыру арқылы, сондай-ақ жеке секторда сыналған басқару принциптері мен әдістерді қолдану арқылы арттыру, мысалы, нәтижеге бағдарлану, тұтынушыларға бағдарлану, икемділік және т.б.
3. Көптеген мемлекеттік (әмбебап) қызметтерді бөлу және бәсекелес ортаға беру және өкілеттіктер мен жауапкершіліктердің оңтайлы үйлесімі негізінде орталықтандырылмаған басқару ортасын құру арқылы мемлекеттік функцияларды айтарлықтай қысқарту.
4. Бағдарламалық-нысаналы бюджеттеу (бағдарлама құрылымына сәйкес бюджетті қайта жіктеу) және нәтижеге негізделген бюджеттеу (қаражаттарды өлшенетін нәтижелермен байланыстыру үшін нәтижелер туралы ақпаратты пайдалану).
5. Адам ресурстарын басқарудың жаңа технологияларын пайдалану, адамға бағытталған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және келісім-шарттар арқылы жұмысқа жалдау.
Профессор Джунусбекова Гүлсара қолданыстағы стратегиялық құжаттарды іске асыру тиімділігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар бар функцияларға негізделген жаңа құжаттарды әзірлеуге және барлық деңгейлер бойынша кезең-кезеңімен каскадты түрде енгізуге мүмкіндік беретін функционалдық талдаудың маңыздылығын атап өтті.
Конференция Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Үкіметіне ғылыми-сараптамалық жұмыстардың сапасын арттыру, ғылыми зерттеушілердің ұсыныстарын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын пайдалану туралы тапсырмасы аясында өтті.
ПІКІР ЖАЗУ