Ақтөбе қаласы

«Салмаңыздар деді, тыңдамады»: Ақтөбеде тағы да ана мен бала өлімі тіркелді

Ақтөбе облысында жергілікті тұрғын жедел жәрдем қызметкерлерінің біліксіздігі салдарынан жүкті әйелі мен жаңа туған сәбиі көз жұмды деп мәлімдеді. Бұл туралы Оzgeris.info ақпарат порталы хабарлайды.

 

Қара жамылған Руслан Сырлыбаевтың айтуынша, жұбайы жүктілік кезеңінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, денсаулығына қатысты ешқандай шағым болмаған. Алайда үш апта бұрын, жүктілігінің жетінші айында әйелінің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған.Ер адамның сөзінше, келген фельдшерлер дәрі-дәрмек беріп, екпе салғаннан кейін әйелінің жағдайы күрт нашарлаған.

 

«Екпе салған сәттен бастап жаны қиналып, денесі қыза бастады. «Салмаңыздаршы» деп өтінгенімен, екпені толық енгізді. Артынша құсып, тынысы сырылдай бастады. Содан кейін зембілге салып, жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті», – дейді ол.

 

Айжан Аязбаева ауруханаға ауыр хәлде жеткізіліп, дәрігерлер кесарь тілігін жасауға мәжбүр болған. Алайда ана екі аптадан кейін көз жұмса, жаңа туған сәби 10 күн өткен соң шетінеп кеткен. Медициналық құжаттарда әйелге «пневмония» диагнозы қойылғаны көрсетілген.

 

Қос бірдей жақынынан айырылған отбасы ана мен бала өліміне жедел жәрдем қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды деп есептейді.

 

«Жағдайы жақсы еді. Қан қысымы көтерілгеннің өзі адамды бірден мұндай хәлге жеткізбейді. Біз заң аясында әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылсын деп талап етеміз», – дейді Руслан Сырлыбаев.

 

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдай бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, ана мен бала өлімінің нақты себебі тексеру қорытындысынан кейін белгілі болады.

 

«Қазіргі таңда қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері шыққан соң, тиісті ақпарат туыстарына және жұртшылыққа ұсынылады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Анар Ақатаева.

 

Белгілі болғандай, Руслан Сырлыбаев отбасымен бірге Атырау қаласынан Ақтөбеге қоныс аударғанына небәрі төрт ай ғана болған. Шетінеп кеткен сәби отбасындағы үшінші бала еді. Қазір екі бала анасыз қалды. Марқұмның жақындары құзырлы органдардан істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етіп отыр.

Барлық жаңалық