Жаңалықтар

Қонаевта жастар арасындағы жанжал қылмыстық іске ұласты

Қонаевта жастар арасындағы жанжал қылмыстық іске ұласты

21 тамыз күні Қонаев қаласында орналасқан “Бавария” кафесінің маңында бірнеше жасөспірімнің арасындағы дау салдарынан ауыр оқиға тіркелді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Alash.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Куәгерлердің айтуынша, әуелі сөз таласынан басталған жанжалға уақыт өте басқа адамдар да араласқан. Қақтығыс қыза түскен сәтте екі жеңіл көлік жоғары жылдамдықпен адамдар тобына қарай айдап, бірнеше адамды жаралаған. Кейін төбелеске қатысқандардың бірі пышақ қолданған.

 

Жарақат алғандар дереу ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің бірі – Ж.У. есімді ер адам ауыр халде жатыр. Оның бас сүйегі, беті, тізесі мен омыртқасы зақымданған. Дәрігерлер бірнеше рет ота жасау қажет екенін айтып отыр. Алайда бас сүйегіндегі жарақат наркоз қолдануды қиындатып отыр.

 

Алматы облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Тергеу амалдары жалғасуда.

 

Сонымен қатар, жәбірленушінің жұбайы негізгі күдіктінің әлі де бостандықта жүргенін мәлімдеді. Оның сөзінше, күдіктінің туыстары үйге келіп, балалардың көзінше мәселені “бейбіт жолмен шешуді” ұсынған және әлеуметтік желідегі жазбаларды өшіруді талап еткен.

 

“Олар оқиғаны кездейсоқтық деп түсіндіргісі келеді. Бірақ әдейі көлікпен қағып, кейін тағы да соққы жасауға тырысқан әрекетті қалай ‘кездейсоқ’ деуге болады?” – дейді жәбірленушінің жұбайы.

Барлық жаңалық