Спорт

ҚФФ ҚПЛ-дің бірнеше клубына айыппұл салды

ҚФФ ҚПЛ-дің бірнеше клубына айыппұл салды

Қазақстан футбол федерациясының бақылау-тәртіптік және әдеп комитеті Премьер-лиганың 25 және 26-турларындағы матчтарда тіркелген заңбұзушылықтарға байланысты бірқатар клубқа айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Командалар жанкүйерлердің тәртіпсіздігі, ойынның кеш басталуы және ұйымдастыру талаптарының бұзылуы үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ozgeris.info

2026 жылғы 25 қыркүйекте өткен комитет отырысында Қазақстан чемпионатының Премьер-лигасындағы бірнеше матчқа қатысты тәртіптік мәселелер қаралды. 25-турдың қорытындысы бойынша «Оқжетпес», «Алтай», «Астана», «Ақтөбе» және «Жеңіс» клубтарына қатысты шешім шығарылды.

«Оқжетпес» пен «Алтай» жанкүйерлерінің стадионда файер қолдануына байланысты әрқайсысына 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар «Алтай» бес футболшысының ескерту алуына байланысты тағы 100 АЕК төлеуге міндеттелді.

«Ақтөбе» мен «Жеңіс» матчтың басталуын бес минутқа кешіктіргені үшін әрқайсысы 60 АЕК көлемінде айыппұл алды. Бұдан бөлек, «Ақтөбе» жанкүйерлерінің алаңға жүгіріп шығуына байланысты тағы 60 АЕК төлеуге тиіс. Ал «Жеңіс» командасының бес ойыншысы ескерту алғаны үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл арқалады. Ал «Астана» клубына жедел жәрдем көлігінің кешігіп келуіне байланысты ескерту жасалды.

Сондай-ақ «Жетісу» командасы тәртіпсіз мінез-құлқы үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал клуб ойыншысы Серікжан Мұжықов қарсыласының айқын гол соғу мүмкіндігін заңсыз тоқтатқаны үшін бір матчқа дисквалификацияланды.

«Каспий» мен «Қайрат» арасындағы матчта алаң иелерінің жанкүйерлері қарсылас командаға қатысты әдепсіз сөздер айтқан. Осы әрекеті үшін «Каспий» клубына 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

26-турда да тәртіптік жазаға іліккен клубтар аз болған жоқ. «Каспий» жанкүйерлердің файер қолдануы, матчтың ресми тұлғасына бағытталған қорлайтын сөздер және дрон пайдалануға байланысты 100 АЕК көлемінде айыппұл алды. «Қызылжар» төрт футболшысы мен бапкер көмекшісінің ескерту алуына байланысты 100 АЕК төлеуге міндеттелді. «Ертіс» жедел жәрдем көлігінің кешігуіне байланысты матчтың тоғыз минутқа кеш басталғаны үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл арқалады. «Қайсар» матч аяқталғаннан кейін алаңда бөгде адамдардың болуына және жанкүйерлердің рупор пайдалануына байланысты 60 АЕК көлемінде айыппұл алды.

Ал «Ордабасы» клубына ұйымдастыру талаптарын бұзғаны үшін 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Атап айтқанда, командалардың қыздыру жаттығуы кезінде алаң маңында бөгде адамдар мен мотоциклдердің болуы, сондай-ақ жанкүйерлердің дыбыс құрылғыларын пайдалануы ескерілген.

Қазақстан футбол федерациясының шешіміне сәйкес, аталған айыппұлдардың барлығы 2026 жылғы 25 қазанға дейін төленуі тиіс.

Барлық жаңалық