Белгілі қоғам қайраткері және журналист Сәуле Әбілдаханқызы елімізде екі немесе үш жерде жұмыс істейтін азаматтарға 443 мың теңге айыппұл салу туралы бастамаға өз наразылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл бастама халықтың тұрмысын түсінуден алшақ, әділет пен ақылға сыймайтын шешім. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Айта кетейік, бұдан бұрын біз тексерістен өтпеген камералар халықты заңсыз жазалап жатқаны туралы жазған едік. Оқи отырыңыз:
Бюджетті толтырудың жасанды тетігі: Тексерістен өтпеген камералар халықты заңсыз жазалап келеді

Ал қазір осы тақырыптың жалғасы ретінде тағы бір ақылға қонымсыз айыппұл пайда болды. Халықты қымбатшылық қысып жатқан уақытта, биліктің ойлап тапқаны қоғамда қызу талқыланып жатыр.
“Қазақстандықтар екі-үш жерде жұмыс істесе, 443 мың теңге айыппұл төлейді. Сонда айыппұлдың өзін табу үшін тағы да екі-үш жерде жұмыс істеу керек пе?” — дейді ол.
Байлардың байлығы шексіз, ал қара халық 10 сотық жерге зар
Сәуле Әбілдаханқызының айтуынша, елдегі әлеуметтік теңсіздік шектен шығып барады. Бір тарапта миллиондаған айлық алатын, түрлі бизнес пен лауазым иеленген шенділер, ал екінші жағында күнделікті тұрмысын әрең көтеріп жүрген қарапайым халық.
“Өздерінде 1-2 миллион теңге айлық, түрлі бизнестері бар. Қазақстанның жері де, суы да, байлығы да солардың қолында. Ал қазақ 10 сотық жер ала алмай жүр. Бір пәтерді несиеге алып, өмір бойы өтейді, оған ғұмыры жетсе. Халықты қарақұл көретін заманға жеттік қой”, — деп жазды қоғам белсендісі.
Ол сондай-ақ елде жеке кәсіпкерлігі бар адамдардың да қиын жағдайда екенін айтады. Мәселен, ИП ресми түрде жабылмаса, азамат тұрақты жұмысқа орналаса алмайды.
“Мен өзім мысалы, ‘ИП-сы бар’ деген желеумен бір тұрақты жұмысқа тұра алмаймын. Ол ИП тоқтап тұрса да. Ал оны жабу қиынның қиыны дейді. Сонда не істеу керек?” — деп жазады ол.
“Айыппұлдан тау тұрғызатын заман келді”
Әбілдаханқызының пікірінше, қазіргі жүйе халықтың тұрмысын жақсарту емес, қайта оны жазалау арқылы қаржы табуды көздеп отыр.
“Айыппұлдан тау тұрғызатын уақыт болды ғой… Егер шынымен әділет іздесек, онда министрлерге, әкім-қараларға, бір федерацияның президенті, бір спорттың төрағасы, тағы басқа лауазымдарды иеленіп жүргендерге айыппұл салыңдар. Құптаймыз. Олардың бәрін бірдей қызметтен алып тастаңдар — халық қуанар еді”, — дейді қоғам қайраткері.
Оның айтуынша, еңбек өнімділігі мен сапалы қызмет туралы айту үшін алдымен жалақы әділ болуы керек.
“Иә, бір маман бір жерде ғана жұмыс істеп, бар уақытын, қажыр-қайратын, білімін сол жерге арнаса — сапа болады. Бірақ оған лайық айлық төлеңдер! Дәрігерлер 0,5, 0,25 жүктемемен жүр. Оларға толық ставкамен, дұрыс жалақымен жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер. Сонда ғана нәтиже шығады”, — дейді ол.
“Халықтың екі-үш жерде жұмыс істеуі — қанағатсыздықтан емес, амалсыздықтан”
Сәуле Әбілдаханқызы көпшілік ұмытып кеткен бір шындықты еске салды. Елімізде мыңдаған адам екі-үш жерде еңбек етіп жүр, байығаннан емес, баласын аш қалдырмас үшін.
“Еден жуушы, ыдыс-аяқ жуушы, таксиші сияқты адамдар бар, айлығы аз болғандықтан, 2-3 жерде жұмыс істемесе, балалары аш қалады. Коммуналкасын, несиесін төлей алмайды. Ауру баласы бар, қарт ата-анасы бар, бәрі тіршіліктің қамы. Сонда осыларға да айыппұл салмақсыңдар ма?” — деп сұрайды қоғам қайраткері.
Оның айтуынша, халықтың жағдайын түсінбей тұрып заң шығару қоғамды одан әрі күйзеліске әкеледі.
“Халықтың бәрі байып кетті деп ойлайсыңдар ма? 443 мың теңге айыппұл төлеуге шамасы жететіндей халде ме? Алдымен критерийді дұрыстап анықтап алыңдар, заң шығармас бұрын…” — дейді Сәуле ханым.
“Бағаны тұрақтандырыңдар, халықты емес”
Қоғам белсендісі билікті айыппұл салудан бұрын баға саясатын реттеуге шақырды.
“Одан да бағаны тұрақтандырыңдар. Бағаны көтерген саудагерлерге, делдалдарға, монополистерге аямай айыппұл салыңдар. Сол әділетті болады”, — дейді ол.
Сәуле Әбілдаханқызы тіпті тарихтан мысал келтіреді:
“Сұлтан Сүлейманның соты баға көтергендерді құлағынан шегемен қағып қойып, іш киіммен есекке теріс мінгізіп, көше аралатпаушы ма еді? Сендер де солай істеңдер, егер әділет орнатам десеңдер. Айналып кеп халықты тонай бермей!”
‘Шықпа, жаным, шықпа’ деп өмір сүріп жүрген халық”
Әбілдаханқызының айтуынша, қарапайым халықтың хәлі қазір өте ауыр. Несие, қымбатшылық, төмен жалақы, тұрақсыздық бәрі бір адамның иығына түскен. Ал айыппұл салу – бұл жараның үстіне тұз себумен тең.
“Бұ халық — ‘шықпа, жаным, шықпа’ деп әрең жүрген халық онсыз да. Айыппұл емес, түсіністік керек. Әділет керек. Еңбек еткенді емес, елді тонағанды жазалаңдар!” — дейді ол.
Сәуле Әбілдаханқызының бұл мәлімдемесі қоғамның кең қолдауына ие болды. Көптеген қазақстандықтар оның сөзін өздерінің ішкі жанайқайы ретінде қабылдады.