"Қазақмыс" компаниясы кеншілердің өмірі мен техника қауіпсіздігін сақтау мақсатында жаңа технологияны сынақтан өткізіп жатыр. Кәсіпорын аустралиялық "Geobotica" ұсынған бірегей "NanoRadar" геотехникалық бақылау жүйесін тәжірибелік-өнеркәсіптік бағытта қолданып көруде. Бұл құрылғы тау-кен қазбаларының тұрақтылығын нақты уақыт режимінде бақылауға арналған. Жаңашылдық бұған дейін Аустралия, Канада, Үндістан, Индонезия және Малайзия елдеріндегі ірі өндіріс орындарында өзінің жоғары тиімділігін толық дәлелдеген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұрын жарықшақтарды картаға түсіру үшін мерзімді түрде лазерлік сканерлеу әдісі қолданылатын. Алайда жаңа радардың басты ерекшелігі қауіпті аймақтарды үзіліссіз бақылауында жатыр. Құрылғы әрбір екі минут сайын қазбаның төбесіне, табанына немесе түйісу аумақтарына радиожиілік сигналын жібереді. Нәтижесінде беткі қабаттағы 0,1 миллиметрлік кішкентай өзгерістің өзін тап басып таниды. Осы мәліметтер негізінде жүйе қауіпсіз жасыл аймақтан қауіпті қызыл аймаққа дейінгі деформациялардың цифрлық жылу картасын жасап шығарады.
Инновациялық жүйе негізгі екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі сыни мониторинг режимі деп аталады. Бұл кезде қазбаның жағдайы жіті тексеріліп, барлық ақпарат оператордың планшетіне немесе ноутбугіне түсіп тұрады. Егер тау жынысының опырылуына әкелетін қауіпті деформация байқалса, радар жұмысшыларды шұғыл эвакуациялау үшін жарық және дыбыс дабылын бірден іске қосады.
Екіншісі деректерді талдау режимі деп аталып, ұзақ мерзімді статистика жинауға бағытталған. Құрылғы әртүрлі нүктелерді кезекпен сканерлеп, мамандарға деформация үдерісін талдауға көмектеседі. Осы арқылы қауіпті аймақтар анықталып, анкерлік бекітпенің сапасы бағаланады. Қажет болған жағдайда қосымша бекітпелер қою орындары нақтыланады.
"NanoRadar" жүйесі өте шағын әрі тасымалдауға ыңғайлы. Ол жерасты шахталарының күрделі жағдайына толық бейімделген. Құрылғының "IP67" қорғаныс дәрежесі бар. Радиолокациялық технологияның арқасында шаң мен ылғалға аса төзімді. Оптикалық жүйелерге ұқсамайтындықтан, оның бөлшектерін үнемі тазалап отырудың қажеті жоқ. Радар өз аккумуляторымен бір ауысым бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Ал сыртқы қуат көзіне қосылса, екі апта бойы бекітпе жүйесін жобалауға қажетті деректерді жинай алады.
Бұл әмбебап құрылғыны тек жерасты қазбаларында ғана емес, жер бетінде де пайдалануға болады. Мәселен қырық метрге дейінгі шахталардан бөлек, жүз жиырма метр қашықтықтағы карьер ернеуін, үйінділер мен бөгеттерді бақылау үшін қайта баптау мүмкіндігі қарастырылған.