«Қазақмыс» компаниясы өзіне қарасты аймақтарда әлеуметтік жауапкершілік пен өзара жәрдемдесу құндылықтарын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Шу ауданына қарасты Көкқайнар, Шоқпар, Бірлік, Бірлікүстем және Қонаев ауылдарында ауқымды қайырымдылық акциясы өтті. Игі шара барысында әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жататын 250 отбасыға арнайы азық-түлік себеттері табыс етілді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Мереке күндері ұйымдастырылған бұл бастама әр ауылдағы 50 үйдің дастарқанын берекеге толтырып, мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетуді көздеді. Дегенмен, компанияның қолдауы тек азық-түлікпен шектелмейді.
Өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында Шу қаласы мен Бірлік ауылында заманауи модульдік спорт залдары пайдалануға берілді. Бұл нысандар «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және облыс әкімдігінің бірлескен әріптестігі нәтижесінде бой көтерді. Жобаның жалпы құны 346 млн теңгені құрайды.
Жаңа спорт кешендері футбол, волейбол және баскетбол сынды командалық ойындарға толықтай бейімделген. Ең бастысы, нысандар жыл бойы жұмыс істеуге арналған және күніне 100-ге жуық адамды қабылдай алады. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндердің спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Айта кетерлігі, «Қазақмыс» 2023 жылдан бері Жамбыл облысындағы әлеуметтік жобаларға жалпы көлемі 1,7 млрд теңге инвестиция құйған. Осы уақыт ішінде өңірде балалар алаңдары салынып, елді мекендер абаттандырылды және мұқтаж азаматтарға жүйелі көмек көрсетілді. Компания бұл бағыттағы қайырымдылық жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.