Жаңалықтар

Қазақмыс өзіне қатысы бар өңірлерде заманауи спорт инфрақұрылымын дамытуда

Қазақмыс өзіне қатысы бар өңірлерде заманауи спорт инфрақұрылымын дамытуда

Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында алып спорт орталығы жұмыс істеп тұр. "Жігер" дене шынықтыру-сауықтыру кешені "Қазақмыс" компаниясының ең ірі жобаларының бірі саналады. Оның құрылысына 8,5 миллиард теңге жұмсалды. Жалпы аумағы 7816 шаршы метрді құрайтын ғимарат жергілікті әкімдікпен жасалған меморандум аясында салынған. Мұнда шаһардағы алғашқы 25 метрлік жүзу бассейні бар. Одан бөлек 320 көрерменге арналған ауданы 1200 шаршы метрлік әмбебап ойын залы жұмыс істейді. Көркем гимнастикаға арналған арнайы бөлме де қарастырылған. Кешен ашылғалы бері үстел теннисі, волейбол, баскетбол, дзюдо, бокс, шахмат және ауыр атлетикадан түрлі жарыстар өтті. Оның ішінде республикалық чемпионаттар мен облыстық спартакиадалар бар. Орталық тәрбиеленушілері U-17 Азия чемпионаты мен ТМД елдерінің үшінші ойындарында жүлделі орындардан көрінді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл жұмыстың келесі кезеңі 2026 жылдың қыркүйек айында жалғасады. Дәл осы уақытта "NAMYS" спорт академиясы есігін айқара ашпақ. Үш қабатты жаңа кешеннің құны 8,1 миллиард теңгеге бағаланған. Ол Ұлытау облысының 150-200 жас спортшысына арналған мамандандырылған мектеп-интернат ретінде қызмет етеді. Академия ішінде арнайы спорт залдары, трибунасы бар әмбебап ойын алаңы және 150 орындық жатақхана болады. Балалар оқу мен кәсіби жаттығуды қатар алып жүре алады. Олар мекеме аумағында тұрып, тегін тамақпен және қажетті спорттық жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.

Ірі нысандармен қатар заманауи модульдік спорт кешендерінің желісі де қарқынды дамып келеді. Сәтбаев қаласында "Сұңқар" спорт кешені қолданысқа берілді. Жалпы аумағы 1500 шаршы метр болатын бұл жобаға 174,5 миллион теңге жұмсалды. Бүгінде мұнда күн сайын жүзден астам бала жаттығады. Тура осындай "Толағай" спорт кешені Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылында бой көтерді. Оның ауданы 1,3 мың шаршы метрді құрайды. Бұл жерде ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен шұғылдануына өте қолайлы жағдай жасалған.

Балқаш қаласында көпфункционалды "Металлург" спорт залы салынды. Ол "Қазақстан халқына" қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылған. Жалпы аумағы 1200 шаршы метр болатын жобаға 200 миллион теңге инвестиция құйылды. Кешен қазақша күрес, дзюдо, самбо, еркін күрес, футбол, баскетбол және волейболмен айналысуға арналған. Қазіргі таңда 400-ге жуық бала мен қала тұрғыны тегін спорт үйірмелеріне қатысады. "Қазақмыс" қолдауымен Жамбыл облысы Шу ауданының Көкқайнар ауылында да жаңа нысан ашылды. Күрес және бокспен айналысуға арналған бір қабатты кешеннің аумағы 481,6 шаршы метр. Құны 268,5 миллион теңге болатын ғимарат барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Мұнда бір мезгілде отызға жуық жасөспірім еркін жаттыға алады.

Бұқаралық спортты дамыту компанияның әлеуметтік саясатының басты бағыты болып қала бермек. Кәсіпорын өзі жұмыс істейтін өңірлерде спортты барынша қолжетімді етуге тырысады. Бұл қаражат ең алдымен адамдардың денсаулығына және дарынды жастарды қолдауға салынған инвестиция саналады. Осылайша өңірлердегі өмір сүру сапасы артып, әуесқойлардан бастап болашақ чемпиондарға дейін барлық қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Барлық жаңалық