Петропавлдағы өндіріс орындарының бірінде 35 жастағы жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өндірістік жабдықтың ішіне құлап, ауыр жарақат алған. Жұмысшы қамыр илейтін құрылғыны тазалау кезінде оқыс оқиғаға тап болды. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Қайғылы оқиға 12 қазанда Труд көшесінде орналасқан кәсіпорында болған.
Аталған факті бойынша Солтүстік Қазақстан облысының полициясы еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.